$ 488.37  559.77  6.64

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан мен ЕО стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін бастайды»

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 22–23 маусым күндері Еуропалық одақ басшылығымен келіссөздер жүргізу үшін Брюссельге барады.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews басылымына арналған авторлық мақаласында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестіктің бүгін бұрынғыдан да маңызды екенін атап өтіп, стратегиялық серіктестіктің келесі кезеңін қалыптастыруға бағытталған үш негізгі мақсатты айқындады,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

2015 жылы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге (КӘЫК) қол қойылғанына он жыл толған тұста Еуропалық одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесіне айналды.

Бүгінде елімізде мыңдаған еуропалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олар Еуропа үшін пайда әкеліп қана қоймай, Қазақстан экономикасын жаңғырту мен әртараптандыруға да үлес қосуда.

Бұл бұрын да үлкен жетістік болды және қазір де солай болып қала береді. Алайда әлем қарқынды өзгеріп жатқан кезеңде мұның өзі жеткілікті ме? Менің ойымша, жоқ.

Мен Брюссельге айқын мақсатпен және нық сеніммен бара жатырмын: Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестік бүгінде бұрын-соңды болмаған деңгейде маңызды. Сондықтан оны одан әрі нығайту қажет.

Қазақстан мен ЕО ынтымақтастығы: екі тарап үшін үш негізгі стратегиялық мақсат

Атап айтқанда, Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықтың келесі кезеңі екі тарап үшін де маңызды үш стратегиялық мақсатқа бағытталуы тиіс:

  • тұрақтылықты нығайту;
  • барлық саладағы өзара байланыстарды кеңейту;
  • азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру.

Мұның қажеттілігі бұрынғы геосаяси алғышарттардың өзектілігін жоғалтуымен байланысты. География мен күш факторы қайтадан алдыңғы қатарға шықты.

Күшейіп келе жатқан бәсекелестік сауда, технология және инвестициялық ағындардың бағытын өзгертіп жатыр. Жаһандық жеткізу тізбектері бұрынғыдан да осал бола түсті. Сауда-экономикалық өзара тәуелділік барған сайын ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне тәуелді болып барады.

Еуропа жақсы білетіндей, мұндай жағдайда мемлекеттер не бір-біріне қарсы тұрған блоктардың құрамында қалып қояды, не өзара құрмет пен ортақ мүдделерге негізделген жаңа әріптестіктер құрады.

Қазақстан да мұны жақсы түсінеді. Біздің еліміз құрлықтардың тоғысқан тұсында орналасқан, ал сыртқы саясатымыз сол құрлықтарды байланыстыруға бағытталған.

Қазақстанның байланыстырушы рөлі экономикалық қуатымен нығайып келеді

Қазақстанның байланыстырушы рөлі барған сайын оның экономикалық әлеуетімен де бекемделіп келеді.

2025 жылы еліміздің экономикасы 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі 306 миллиард АҚШ долларына жетті.

Халықаралық валюта қорының World Economic Outlook болжамына сәйкес, 2026 жылы Қазақстанның ЖІӨ көлемі 360 миллиард доллардан асады деп күтілуде.

Экономикасы ауқымды әрі қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан – Еуразияның дәл жүрегінде орналасқан Еуропа үшін қуатты серіктес.

Кез келген саяхатшы жақсы біледі: жол қаншалықты белгісіз болса, сенімді серіктің маңызы соншалықты арта түседі.

Әлем барған сайын құбылмалы бола түскен шақта Қазақстан мен Еуропа осындай сенімді серіктерге айналып отыр.

Біздің халықаралық ынтымақтастыққа деген теңгерімді, прагматикалық әрі сындарлы көзқарасымыз өзгерген жоқ.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарына адал болып қала береміз. Диалог пен қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге басымдық беруді жалғастырамыз. Біз барлық мәселеде бір пікірде болмауымыз мүмкін, бірақ бір-бірімізді жақсы түсінеміз.

Өзара тәуелділік тұрақтылықты күшейтеді. Бұған қысқа уақыт ішінде стратегиялық маңызға ие болған энергетика саласын мысалға келтіруге болады.

Бүгінде Қазақстан Еуропалық одақтың мұнай және мұнай өнімдері импортының шамамен 13 пайызын, сондай-ақ табиғи уран жеткізілімінің 16 пайызын қамтамасыз етеді.

Энергетикалық қауіпсіздік – өзара сеніміміздің, тұрақтылықты нығайтуға деген ұмтылысымыздың және әлемдегі тұрақсыздық күшейген жағдайда да өз міндеттемелерімізді орындауға қабілетті екеніміздің жарқын дәлелі.

Неліктен дәл осындай тәсілді ауыл шаруашылығында қолданбасқа?

Азық-түлік қауіпсіздігі бүгінде бүкіл әлем үшін барған сайын маңызды стратегиялық мәселеге айналып келеді. Қазақстан – әлемдегі астық өндіруші әрі экспорттаушы ірі елдердің бірі және әртараптандыруды қажет ететін еуропалық нарықтар үшін үлкен әлеуетке ие.

Сонымен қатар еуропалық білім, технологиялар мен инвестициялар елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға және қосылған құны жоғары өндірістерді қалыптастыруға ықпал ете алады.

Сол сияқты жаһандық экономиканың тұрақты өсімге көшуі бұрын-соңды болмаған деңгейдегі ынтымақтастықты талап етеді. Стратегиялық маңызы бар шикізат, жаңартылатын технологиялар, энергия тиімділігі және жаңа өнеркәсіптік экожүйелер болашақтың бәсекеге қабілеттілігін айқындап жатыр.

Бұл ретте Қазақстан Еуропаға мол ресурстар мен өнеркәсіптік әлеует ұсына алады. Ал Еуропа өз кезегінде тәжірибе, технология және инвестиция ұсынса, екі тараптың да экономикасы өсіп, тұрақтылығы арта түседі.

Қауіпсіз әрі тиімді көлік бағыттары – стратегиялық күретамырлар

Ынтымақтастығымыздың алғашқы онжылдығына сүйене отырып, экономикалық қарым-қатынастарымызды дәстүрлі «шикізатқа айырбас инвестиция» моделінен әр кезеңде қосымша құн қалыптастыратын әріптестікке көшірудің уақыты келген жоқ па?

Мұндай әріптестік терең өңдеуді, технология трансфертін, ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты және бірлескен кәсіпорындарды дамытуға негізделуі тиіс.

Өзара байланыс мәселесіне тоқталсақ, Қазақстан қауіпсіз әрі тиімді көлік бағыттарының ежелгі Ұлы Жібек жолы секілді әрдайым стратегиялық күретамыр болғанын жақсы түсінеді.

Сондықтан біз Еуропа мен Азияны байланыстыратын Орта дәлізді дамытып жатырмыз. Бұл бағыт Еуропалық одақтың Global Gateway стратегиясымен табиғи түрде үйлеседі.

Алайда өзара байланыс тек тауарлардың шекара арқылы жылдам қозғалуымен шектелмейді.

Орта дәлізді Еуропа нарықтары мен экономикалық орталықтарын Орталық Азияның ресурстарымен, дамып келе жатқан өнеркәсіптік базасымен және логистикалық әлеуетімен байланыстыратын жаңа жүйенің негізі ретінде қарастырған жөн.

Тарихқа көз жүгіртсек, каналдар, теңіз жолдары мен көне керуен бағыттары әрдайым жаңа мүмкіндіктер арқылы құндылық қалыптастырған.

Олар нарықтарды біріктірді, инвестицияларды ынталандырды, кәсіпкерлікті дамытты және халықтарды жақындастырды. Географиялық артықшылықтарды нақты экономикалық мүмкіндіктерге айналдырды.

Жасанды интеллект, цифрлық басқару және сенімді технологиялар

Сондықтан біздің әріптестігіміз енді болашақтағы өркендеуді қамтамасыз ететін технологияларды да қамтуы қажет.

Жасанды интеллект, цифрлық басқару, инновациялық экожүйелер және сенімді технологиялар экономикалық бәсекеге қабілеттілік пен ұлттық тұрақтылықтың негізгі факторларына айналып келеді.

Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, деректерге негізделген басқаруды дамыту және жасанды интеллектке инвестиция салу арқылы цифрлық мемлекет құруды мақсат етіп отыр.

Біз технологиялық прогресс баршаға қолжетімді, қауіпсіз әрі адамға бағытталған болып қалуы үшін еуропалық технологиялық компаниялармен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз.

Ең бастысы, шынайы стратегиялық әріптестік азаматтарға нақты пайда әкелуі тиіс.

Визалық режимді жеңілдету бағытында елеулі ілгерілеу бар. Бұл сапарларды қолжетімді әрі ыңғайлы етіп, студенттерге, зерттеушілерге, кәсіпкерлерге және отбасыларға нақты мүмкіндік береді.

Білім, ғылым және инновация саласындағы мақсаттарды күшейту қажет

Біз білім, ғылым және инновация салаларындағы мақсаттарымызды жаңа деңгейге көтеруіміз керек.

Қазақстанның Erasmus+ және Horizon Europe бағдарламаларына қатысуы қолда бар мүмкіндіктердің ауқымын айқын көрсетіп отыр.

Бізге академиялық ұтқырлықты арттыру, ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен инновациялық жобаларды көбейту және жастар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау қажет.

Уақыт ешкімді күтпейді.

Қазақстан Еуропалық одақпен әріптестігінің келесі онжылдығына терең жаңғыру кезеңінен өтіп жатқан мемлекет ретінде қадам басып отыр. Біз тұрақтылық ең алдымен елдің ішінен басталатынына сенімдіміз.

Жаңа Конституциямыз тәуелсіздік алғаннан бергі алғашқы ауқымды жаңғырудың негізіне айналды.

Ол заң үстемдігіне негізделген, әділетті қоғамда өмір сүргісі келетін жаңа буынның ұмтылысын, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз құрметтеу және қорғау қағидатын бейнелейді.

Сонымен қатар Конституция «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес қоғамдық есептілікті күшейтуге және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған саяси және экономикалық реформаларды бекітті.

Біз серіктестеріміз бен инвесторларымыз Қазақстаннан тек жаңа нарықтарды ғана емес, сонымен бірге тұрақты ережелерді, болжамды, әділ және ашық экономикалық басқару жүйесін көргенін қалаймыз.

Соңғы он жылдық бізге бұл әріптестікті табысты дамытуға қабілетті екенімізге сенім берді.

Алдағы онжылдыққа көз жүгіртсек, бұл серіктестік нақты нәтижелер әкелуі тиіс деп есептеймін.

Жақсы жаңалық – Қазақстан мен Еуропаның қолында бұл әріптестікті нығайту үшін қажетті құралдар мен ресурстардың басым бөлігі қазірдің өзінде бар.

Қалғанын біз бірге қалыптастырамыз.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 22–23 маусым күндері Еуропалық одақ басшылығымен келіссөздер жүргізу үшін Брюссельге барады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0