Содан кейін Президент ынтымақтастықтың перспективті бағыттарына егжей-тегжейлі тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі еуропалық серіктестерге Қазақстанның Еуропаны Орталық Азиямен, Қытаймен, Кавказбен және Таяу Шығыспен байланыстыратын өңірлік логистикалық хабқа айналуға ұмтылатынын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
– Біз инфрақұрылымға, атап айтқанда, мыңдаған шақырым темір жол салуға және Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға қомақты қаржы құйып жатырмыз. Бұл күш-жігеріміз Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясымен үйлесіп, Орта дәлізді еуразиялық қауіпсіз байланысқа арналған негізгі әрі орнықты магистральға айналдырады. Көлік инфрақұрылымын жаңғырту қазірдің өзінде оң нәтиже көрсетті. Соңғы алты жылда аталған бағыт бойынша жүк тасымалы бес есе – жыл сайын 0,8 миллион тоннадан 4,1 миллион тоннаға дейін өсті. Дәліздің жүк өткізу қабілетін 10 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды көздейміз. Бұл меже еліміздің әлемдік логистикада маңызды күрежол ретіндегі позициясын нығайтады. Осы қарқынды сақтау үшін Қазақстан соңғы 15 жылда көлік және логистика инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан астам қаржы салды. Бүгінде Каспий теңізі жағалауындағы Ақтау және Құрық порттары халықаралық транзиттің маңызды қақпасы ретінде қызмет етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгін Қазақстан даму банкі мен Еуропалық инвестициялық банк арасында, сондай-ақ құрамына Commerzbank, JPMorgan Chase Bank және Standard Chartered Bank кірген Банктер синдикаты MIGA (Инвестициялық кепілдіктер жөніндегі көпжақты агенттіктің) кепілдігімен қол қойылған, құны шамамен 1 миллиард доллар болатын логистикалық инфрақұрылым саласындағы келісімді құптады.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің аса маңызды минералдарды игеру бағытында Еуропаға сенімді серіктес болуға дайын екенін мәлімдеді.
– Қазақстан ЕО аса маңызды шикізат ресурстарының тізбесіне қосқан 34 минералдың 21-імен қамтамасыз етуге әзір. Осы әлеуетті барынша пайдалану үшін біз «офтейк» негізіндегі ынтымақтастық жолын ұсынамыз. Бұл шикізатты өз елімізде өңдеп, қосылған құны жоғары өндіріс тізбегін құруға ықпал етеді. Сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығының құрылуы – аталған бағыттағы серіктестіктің нәтижесі. Сонымен қатар Қазақстан жаһандық жаңа энергетикалық жүйеге көшу бастамасын ілгерілетуге қашанда ынталы. Өздеріңізге мәлім, еліміз ірі уран өндіруші ретінде әлемдегі сұраныстың 40 пайызға жуығын қамтамасыз етеді. Мұнай мен газдың, көмірдің айтарлықтай қоры бола тұра, біз «жасыл» сутегін өндіру жобасын белсенді түрде қолға алдық. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында литий, никель, ванадий және кобальттың әлі игерілмеген мол қоры бар. Түптеп келгенде, біз серіктестерге өте прагматикалық формула ұсынамыз: яғни стратегиялық ресурстарға қолжетімділікті инвестицияға және технологияға айырбастауға ниеттіміз. Бұл тәсіл Еуропа стандарттарына толық сай келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, Қазақстан Еуропалық Одақты қуат көздерімен қамтамасыз ететін сенімді серіктес әрі кепіл ел ретінде стратегиялық позициясын дәйекті түрде нығайтып келеді.
– Былтыр Еуропа нарығына тасымалданған шикі мұнайдың 13 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі. Біз еуропалық серіктестермен жеткізу көлемін ұлғайту және өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге әрдайым әзірміз. Осыған байланысты Каспий құбыр консорциумының тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету маңызды стратегиялық басымдық болып қала беретінін айтқым келеді, – деді Мемлекет басшысы.