25.06.2026, 10:00

Төтенше жағдай жарияланды: Венесуэлада 7,5 баллдық жойқын жер сілкінісі болды

Фото: Jesus Vargas/Getty Images

USGS сарапшылары құрбандар саны ондаған мың адамға жетуі ықтимал екенін мәлімдеді.

Венесуэлада күшті жер сілкінісі болып, ел астанасы Каракас пен оған жақын өңірлерде ғимараттар қирады. Мамандар адам шығынының көп болуы мүмкін екенін ескертіп отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметінше, алғашқы жер сілкінісінің магнитудасы 7,2 баллды құраған. Арада бір минутқа жетпейтін уақыт өткенде магнитудасы 7,5 балл болатын тағы бір қуатты дүмпу тіркелген. Жер сілкінісінің ошағы Каракастан шамамен 160 шақырым батыста орналасқан.

Алдын ала бағалау бойынша, табиғи апат салдарынан ауқымды қираулар болуы мүмкін. USGS сарапшылары құрбандар саны ондаған мың адамға жетуі ықтимал екенін мәлімдеді. Алайда әзірге қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Венесуэланың Ішкі істер министрі Диосдадо Кабельо құтқару қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Қираған үйлер мен ғимараттар бар. Біз қауіпсіздік пен гуманитарлық көмек көрсету үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатырмыз», – деді министр мемлекеттік телеарна эфирінде.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, дүмпулер өте күшті болған. Көптеген адам үйлерінен асығыс шығып, көшелерге жиналған. Кей аудандарда тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың қабырғалары құлап, инфрақұрылымға зақым келген.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнематериалдарда Каракастағы ауруханалар мен басқа да нысандардың бүлінгені көрінеді. Сондай-ақ елдің басты әуежайы мен жағалаудағы Ла-Гуайра қаласында да қираулар тіркелгені хабарланды.

Жер сілкінісінен кейін Кариб теңізі аумағына цунами қаупі туралы ескерту жарияланған. Алайда шамамен бір сағаттан соң бұл ескерту кері қайтарылды.

Венесуэла Кариб және Оңтүстік Америка тектоникалық плиталарының түйіскен аймағында орналасқандықтан, сейсмикалық белсенді өңірлердің қатарына жатады. Ел тарихындағы ең жойқын жер сілкіністерінің бірі 1812 жылы болып, шамамен 30 мың адамның өмірін қиған.