$ 487.02  552.23  6.51

54 жылда алғаш рет: «Қазақмыс» Жезқазған театрына жаңғырту жұмысын жүргізуде

Жоба ғимараттың тарихи сәулеттік келбетін сақтай отырып, оны кешенді түрде жаңғыртуды көздейді.

Фото: Қазақмыс
Фото: Қазақмыс

Жезқазғанда өңірдің басты мәдени нысандарының бірі – Серке Қожамқұлов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрын ауқымды жаңғырту жұмысы жүргізілуде.

Жобаны «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жүзеге асыруда. Театр 1972 жылы пайдалануға берілген. Бұл содан бері жүргізіліп жатқан алғашқы толыққанды күрделі жаңғырту. Жоба ғимараттың тарихи сәулеттік келбетін сақтай отырып, оны кешенді түрде жаңғыртуды көздейді. Жобаның басты мақсаты – Ұлытау облысында театр өнерінің дамуына жаңа мүмкіндік беретін заманауи мәдени кеңістік қалыптастыру. Жаңғырту жұмысы аяқталғаннан кейін театр заманауи сахналық, жарық және дыбыс жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. Негізгі жаңалықтың бірі – айналмалы механизмі бар жаңа сахнаның орнатылуы. Бұл шешім қойылым қою мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтіп, спектакльдер мен мәдени іс-шараларды өткізу сапасын жаңа деңгейге көтереді. Жаңғырту аясында нысанның инженерлік инфрақұрылымы толық жаңартылады. Жылумен, сумен және электрмен жабдықтау жүйелерін ауыстыру, заманауи өрт қауіпсіздігі мен бейнебақылау жүйелерін монтаждау, сондай-ақ жаңа желдету және ауа баптау жүйелерін орнату көзделген. Бұдан бөлек шатыр жабыны толық ауыстырылып, театрдың ішкі бөлмелері түгел жаңартылады.

Бүгінде демонтаж жұмысы толық аяқталды. Театр ғимаратында ішкі әрлеу жұмыстары жалғасып, құрылыс-монтаждау жұмысының келесі кезеңіне дайындық жүргізілуде. Жобаны іске асыруға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 5,1 млрд теңгені құрайды. Театрды жаңғырту жұмысын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымды дамыту «Қазақмыс» қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Компания Ұлытау облысында мәдениет, спорт, білім беру, денсаулық сақтау нысандарын және абаттандыру нысандарын қамтитын ауқымды әлеуметтік инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруда. Биыл компанияның қолдауымен өңірде іске асырылатын әлеуметтік жобалардың жалпы көлемі 30 млрд теңгеден асады. Серке Қожамқұлов атындағы театрды жаңғырту өңірдің мәдени мұрасын сақтауға қосылған маңызды үлес болмақ. Сонымен қатар жоба Ұлытау облысы тұрғындарының шығармашылық тұрғыдан дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0