Мемлекет басшысының қатысуымен «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» жаңа теміржол желілерінің ашылу салтанаты болып өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Ақорда таратқан баспасөз мәлімдемесінде Мемлекет басшысының Жезқазған қаласына жұмыс сапары барысында телекөпір ұйымдастырылып, онда жаңадан ашылған теміржол желілерінің станцияларымен тікелей байланыс орнатылғаны айтылған. Аталған теміржол желілері Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау және Қарағанды облыстарының аумақтарын басып өтеді. Телекөпір арқылы станция жетекшілері Мемлекет басшысына жаңа бағыттарды іске қосуға дайын екендіктерін баяндады.
Елбасы барша қазақстандықтарды құттықтай отырып, магистралдардың ашылуын жылдың маңызды әлеуметтік-экономикалық оқиғаларының бірі екенін атап өтті.
— «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолдары еліміздің бірнеше өңірлері мен бүкіл республиканың алдағы ұзақ жылдық өмірін айқындайды. Тәуелсіздік алғалы бері біз теміржол құрылысын тұралатпай, қайта жандандырдық. «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» желілері байланысушы өңірлердің дамуына жаңаша қарқын береді. Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Қостанай тұрғындары мен кәсіпорындары айтарлықтай тиімділігін сезетін болады. Ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізу уақыты мен жолдың қысқаруынан бүкіл Қазақстан ұтатын болады, — деді Елбасы.
Президент, сондай-ақ, қос теміржол желісінің құрылысына 10 мыңнан астам адамның тартылғанын және тағы 3 мың адамның тұрақты жұмыспен қамтылатынын атап өтті.
Айта кетейік, «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» желілерінің жалпы ұзындығы 1200 шақырымды құрайды. «Жезқазған-Бейнеу» желісі Орталық Қазақстан мен Ақтау порты арасында қысқа мерзімді байланыс орнатып, ары қарай Түркменстан мен Парсы шығанағына жол ашады. Ал, «Арқалық-Шұбаркөл» желісі еліміздің орталық бөлігін Ресеймен байланыстырып, одан әрі Батыс Еуропа елдеріне бағыт ашады.