25.06.2026, 17:30

Қазавтожолдың салғырт жұмысы: Қарабұтақ пен Қостанай арасындағы жол қашан жөнделеді?

Фото: Видеодан кадр

Желі қолданушыларының айтуынша, екі аралықтағы 250 шақырым жолдың бүгінгі жағдайы мүлдем сын көтермейді.

Әлеуметтік желіде Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауылынан Қостанай облысына дейінгі республикалық маңызы бар тасжолдың сиқы талқыланып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Желі қолданушыларының айтуынша, екі аралықтағы 250 шақырым жолдың бүгінгі жағдайы мүлдем сын көтермейді.

Жолдың беті шұрық-тесік, шұңқырдан көз сүрінеді, ал жүргізушілер көліктерінің жүріс бөлігін (ходовкасын) қиратып біттік деп шағымдануда.

Осы ретте халық «Қазавтожол» ұлттық компаниясы бөлінген миллиардтарды қайда жұмсап жатыр деген заңды сауал қоюда. Желідегі пікір қалдырушылар Батыс Қазақстанда мүлдем дұрыс жолдың қалмағанын, барлығы тек жамау-жасқау екенін айтып ашынады.

Тіпті кейбір жүргізушілер бұл жолды Қандыағаш пен Ембі арасындағы бұзылған жолдармен салыстырып, мысқылдап та үлгерген. Жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, халықаралық транзиттік дәліздің сапасы неге әлі күнге дейін осындай аянышты күйде қалып отырғаны түсініксіз.

Бұл мәселе бойынша құзырлы органдар мен «Қазавтожол» басшылығынан нақты жауап пен шұғыл шара қолдануды талап ететін уақыт жетті дейді. Жүргізушілер күнделікті өмірлерін қатерге тігіп, жол азабын тартудан әбден шаршаған.

Видео: issa_erkenur