$ 486.47  554.77  6.26

«Несиеге той жасаған адамның жағдайы ешқашан көтерілмейді» – қаржыгер (ВИДЕО)

Қазақстандықтардың банктер мен қаржы ұйымдары алдындағы жалпы қарызы шамамен 45 млрд долларды құрайды.

Қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсарып, жуық арада байып кетуі қиын. Оның басты себептерінің бірі – баспана бағасы мен ипотекалық несиенің қымбаттығы. Бұған қоса, халықтың қаржылық сауаттылық деңгейі де жоғары емес. Несие қамытын киген азаматтар тапқан табысының басым бөлігін банкке төлеп, қаржылық қиындықпен өмір сүруге мәжбүр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Несие алмай-ақ өмір сүретіндер де бар. Алайда қазақстандықтардың банктер мен қаржы ұйымдары алдындағы жалпы қарызы шамамен 45 млрд долларды құрайды. Бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 15-20 пайызына тең.

Қаржы маманы Еркебұлан Әріпбай Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында жастар қаржылық сауаттылығын арттырса, қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуге болатынын айтты.

«Адамдар пәтерді тым қымбатқа сатып алып жатыр. Оның үстіне, көпшілігі ақша жинай алмайды. Тапқан табысын бірден жұмсауға дағдыланған. Қазақтар ақша жинағаннан гөрі, несие алып той жасауға құмар. Егер ай сайын депозитке 10 мың теңгеден салып отырса, уақыт өте келе қомақты қаржы жиналады. Мәселен, 25 жыл бойы ай сайын 10 мың теңгеден жинаса, шамамен 22 миллион теңге болады. Бұл қаржы тойға да, пәтер алуға да жетеді.

Мен өзім 2018 жылдан бері ақша жинап келемін, оған әлі күнге дейін қол тигізген жоқпын. Өйткені ертеңгі күнімнің ақшасын бүгін жұмсағым келмейді», – деді Еркебұлан Әріпбай.

Ел ішінде шілде айынан бастап пәтер бағасы арзандап, ипотекалық мөлшерлеме 20 пайыздан аспайды деген болжам тараған болатын. Алайда Үкімет мұндай өзгерістерге шектеу қойған. Себебі бұл қаржы ұйымдары үшін тиімсіз саналады.

Қаржыгер доллар бағамына қатысты болжамдарға да пікір білдірді.

«Пәтер бағасы жуық арада арзандайды деп айту қиын. Банктер де төмен пайызбен ипотека беруге мүдделі емес. Оның үстіне, тұрғын үй бағасының төмендеуі экономика үшін де тиімді емес. Құрылыс саласында еңбек ететін мыңдаған адам бар. Бұл саладағы өзгерістер еңбек нарығына да, жалпы экономикаға да әсер етеді. Сондай-ақ құрылысқа инвестиция құйған кәсіпкерлер аз емес. Сондықтан баспана бағасының айтарлықтай арзандауы екіталай.

Шетелдік инвесторлардың Қазақстанға келуінің басты себебі – жоғары пайыздық табыс. Сондықтан доллардың міндетті түрде арзандайтынын айту дұрыс емес. Валюта бағамына нақты болжам жасау мүмкін емес», – деді ол.

Қаржы маманының айтуынша, ірі компаниялар мен қаржы ұйымдарының акцияларын сатып алу арқылы табыс табуға болады. Алайда бұл – тәуекелі жоғары инвестиция. Сонымен қатар брокерлік компаниялар арқылы инвестиция жасаудың қыр-сырын көпшілік әлі де толық меңгермеген.

«Мен қаржылық сауаттылық саласының маманымын. Бірақ халықтың қаржылық сауаттылық деңгейі жоғары деп айта алмаймын. Пәтер бағасы арзандайды деу қиын, алайда оның қымбаттау қарқыны баяулауы мүмкін. Ақша табу да, оны жинай білу де – өнер. Ал несие алып, той жасау – қаржылық сауатсыздықтың белгісі. Несиеге той жасаған адамның жағдайы оңайлықпен түзелмейді, өйткені банктердің пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары. Брокерлік компаниялар арқылы инвестиция жасап, табыс тауып жүрген адамдар аз. Оны түсінетіндердің саны да көп емес», – деді Еркебұлан Әріпбай.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0