$ 486.47  554.77  6.26

«Астана – Павлодар» тасжолында аптап ыстықтан бетон жабынды бүлінді

Ақау анықталғаннан кейін аталған учаскеде уақытша жол белгілері орнатылып, жөндеу жұмыстары басталды.

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Астана – Павлодар бағытындағы республикалық автожолдың бір бөлігінде аптап ыстық салдарынан цемент-бетон жабыны зақымданды. Қазіргі уақытта жол қызметтері ақауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінше, бүлінген учаске 28 маусым күні KAZ04 Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – Ресей шекарасы автожолының 413-шақырымында, Астанадан Павлодарға қарай бағытта жоспарлы тексеру кезінде анықталған.

Компания өкілдері жаз мезгілінде цемент-бетон жабындысының жай-күйі ерекше бақылауда болатынын атап өтті. Бұл жоғары температураның әсерінен болатын деформацияларды дер кезінде анықтап, бетон плиталарының көтеріліп кетуінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Ақау анықталғаннан кейін аталған учаскеде уақытша жол белгілері орнатылып, жөндеу жұмыстары басталды. Қазір мамандар бүлінген бетон жабындысын алып тастап, оның орнына қиыршық тас негізін төсеп, асфальт-бетон қоспасын салуда.

Сондай-ақ компания бұған дейін осы бағытта алдын алу шаралары жүргізілгенін хабарлады. Атап айтқанда, бетон плиталарындағы ішкі кернеуді азайту үшін компенсациялық жіктер кесіліп, жекелеген учаскелерде жөндеу жұмыстары атқарылған.

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, жөндеу жұмыстарына қажетті техника мен мамандар толық жұмылдырылған. Республикалық маңызы бар автожолдардың жағдайы тұрақты бақылауда және оларды күтіп-ұстау жұмыстары жалғасып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0