02.07.2026, 09:10

Су баспаған ғимаратқа жарты миллиард: Құлсарыдағы күмәнді қаржы дауы

Фото: видео скриншот

Күллі ел болып су тасқынынан зардап шеккен Құлсарыдағы прокуратура ғимаратына 500 миллион теңгеден астам қаражат бөлінгені туралы ақпарат қоғамның ашуын туғызды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Желіде тараған бейнематериалдан бұл нысанды су баспағаны, демек, жарты миллиард теңгенің мүлдем басқа мақсатқа жұмсалуы мүмкін екені анық көрінеді. Өңірде баспанасыз қалған қаншама қарапайым халық тиын санап отырғанда, жергілікті әкімдіктің мұндай ысырапшылыққа жол беріп, бюджет қаржысын оңды-солды шашуы — нағыз жауапсыздық.

Жұрттың көз жасына қарамастан, зардап шекпеген мемлекеттік органға миллиондарды оңай үлестіре салған облыс пен аудан әкімдігі бұл әрекеті үшін халық алдында тікелей жауап беруі тиіс.

Ендігі мәселе — заңның орындалуын қадағалайтын прокуратураның өзін кім тексереді және бұл ақша кімнің қалтасына кетті деген сұрақ ашық қалып отыр. Әкімдік пен құзырлы органдардың бұл «жұмбақ» шығыны бойынша шұғыл түрде ресми түсініктеме талап етеміз.