Сонымен қатар ол Конституцияның күшіне енуімен бірге оны іс жүзінде жүзеге асырудың жауапты кезеңі басталғанын атап өтті.
Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді. Осыған орай «Жаңа адамдар» қозғалысының негізін қалаушы, «Әділет» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Асель Баденова «Еуразия» телеарнасының эфирінде Ата заңның маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, Президент атап өткендей, жаңа Конституцияның авторы – қоғамның өзі. Атап айтқанда, белсенді азаматтар, жастар мен журналистердің ұсыныстары ашық диалог барысында ескеріліп, негізгі заңның мазмұнына енгізілген.
Асель Баденова жаңа Конституция әділеттілік, адам қадір-қасиеті, құқықтар мен бостандықтар, заң үстемдігі, жауапкершілік және қоғамдық келісім сияқты басты құндылықтарды айқындайтынын айтты. Оның пікірінше, бұл құжат Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне жол ашады.
Сонымен қатар ол Конституцияның күшіне енуімен бірге оны іс жүзінде жүзеге асырудың жауапты кезеңі басталғанын атап өтті.
«Басты міндет – Конституция нормаларын нақты әрекеттермен толықтыру. Бұл қағидаттардың қаншалықты жүйелі әрі дәйекті жүзеге асырылатыны қоғамның реформаларға деген сенімін және олардың әрбір азамат үшін қаншалықты нәтиже беретінін айқындайды», – деді Асель Баденова.
Сондай-ақ ол Конституцияда бекітілген қағидаттар тек құқықтық нормалар ретінде ғана емес, қоғам үшін адамгершілік бағдарға айналуы тиіс екенін жеткізді. Оның сөзінше, бұл құндылықтар азаматтарды ел игілігі жолында еңбек етуге, жасампаздық пен дамуға ынталандырады.
Асель Баденова Конституция бойынша жұмыс енді талқылаулармен шектелмей, күнделікті шешімдер мен нақты бастамалар арқылы жалғасуы керектігін айтты. Оның пікірінше, конституциялық құндылықтардың өмірдің ажырамас бөлігіне айналуы Әділетті Қазақстанның берік негізін қалыптастырады.