Ол ҰБТ-ға 11-сынып басталмай тұрып-ақ жүйелі дайындалған.
Қызылорда облысының түлегі Балхан Альфия 2026 жылғы негізгі ҰБТ-да ең жоғары нәтиже көрсетіп, 140 балл жинады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, талапкер 1 шілде күні Қызылорда қаласындағы аймақтық тестілеу орталығында емтихан тапсырған. Ол «Қазақ тілі – Қазақ әдебиеті» пәндерінің комбинациясын таңдап, тестілеуден 138 балл алған.
Кейін Альфия ҚАЗТЕСТ сертификаты арқылы «Қазақ тілі» пәні бойынша жинаған балдарын конвертациялап, жалпы нәтижесін 140 балға жеткізді.
Талапкердің айтуынша, ол ҰБТ-ға 11-сынып басталмай тұрып-ақ жүйелі дайындалған.
«Менің арманым – педагог, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болу. Кішкентайымнан қазақ классикасын оқуға құмармын. Ең сүйікті шығармам – Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романы. Әдебиетке деген сүйіспеншілігім мені ұстаз болуға және ана тілімізге деген құрметті жас ұрпақтың бойына сіңіруге жетеледі. ҰБТ-ға дайындық барысында қолдау көрсеткен ата-анама және ұстаздарыма алғысымды білдіремін», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін, 26 мамырда Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир да негізгі ҰБТ-да 140 балл жинаған болатын.
Министрлік мәліметінше, негізгі ҰБТ басталғалы жеті апта ішінде талапкерлер шамамен 340 мың рет тест тапсырған. Шекті балды талапкерлердің 70 пайызы еңсерсе, бес пән бойынша орташа нәтиже 66 балды құрады. Биыл негізгі ҰБТ-ға қатысу үшін екі мүмкіндікті есептегенде 446 мыңнан астам өтініш қабылданған. Тестілеу 10 шілдеге дейін жалғасады.