$ 471.04  538.54  6.17

19 жастағы жетісулық қыз ролик түсіремін деп жаза арқалады

Видеода бойжеткен жүріп келе жатқан көліктің терезесінен еңкейіп, сусын ішіп, кейін қоқысты жол жиегіне лақтырған.

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Жетісу облысында әлеуметтік желіде тараған қауіпті видеоға қатысы бар азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Полицияның мәліметінше, Талдықорған қаласының 19 жастағы тұрғыны көлік қозғалысы кезінде жарнамалық бейнеролик түсірген. Видеода бойжеткен жүріп келе жатқан көліктің терезесінен еңкейіп, сусын ішіп, кейін қоқысты жол жиегіне лақтырған.

Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбаны полиция бақылау барысында анықтап, тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде оқиғаға қатысқан барлық тұлға анықталды.

«Бойжеткен қоғамдық орында қоқыс тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал көлік жүргізушісіне жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны және жол белгілерінің талаптарын сақтамағаны үшін хаттама толтырылды», – деп мәлімдеді полиция.

Жетісу облыстық полиция департаменті әлеуметтік желідегі танымалдылыққа ұмтылу заң талаптарын бұзуға немесе жол қозғалысының қауіпсіздігіне қатер төндіруге себеп болмауы тиіс екенін ескертті.

Сондай-ақ ведомство мұндай әрекеттердің қатысушылардың өз өмірі мен денсаулығына ғана емес, өзге жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге де қауіп төндіріп, қоршаған ортаға зиян келтіретінін атап өтті. Осыған байланысты полиция блогерлер мен контент авторларын жарияланымдарға жауапкершілікпен қарап, қаралым мен лайк үшін қауіпсіздік талаптарын елемеуге жол бермеуге шақырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0