Көкшетау мен Қостанайды жалғап жатқан республикалық маңызы бар тасжолдың бүгінгі мүшкіл халі жолаушылар мен жүргізушілердің ашу-ызасын тудырып отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан Сарыкөл ауданы тұсындағы халықаралық стандартқа сай болуы тиіс жолдың қараусыз қалған соқпаққа айналғанын анық көруге болады. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бұл бағытты жөндеуге жыл сайын қыруар бюджет қаржысын игергенімен, дәл осы апатты жағдай мекеменің жұмыс сапасы мен жауапкершілігінің мүлдем жоқтығын айқын көрсетіп отыр. Өңір әкімдігінің де бұл проблеманы шешуге жігері жетпей, атүсті қарауы қарапайым халықтың наразылығын тудырып, жүргізушілердің өмірін күн сайын қатерге тігуде. Орталық пен қиырды байланыстыратын стратегиялық нысанның ондаған жылдар бойы қараусыз қалуы - заманауи Қазақстанның инфрақұрылымына үлкен сын.