$ 477.11  545.58  6.2

«Жамбас сұрасаң, қабырға береді»: Базардағы етке сүйек қосып сату айласына вице-министр де алданған

«Амалсыз көндік...»: Тілшіміз мәліметтің анық-қанығына үңіліп көрді.

Фото: primeminist.kz
Фото: primeminist.kz

Қазақстандықтар базардан таза ет алғысы келгенде сатушылардың міндетті түрде сүйек-саяқ немесе қабырғаны «қосақтап» беретін жағымсыз әдетіне жиі шағымданады,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл мәселе тіпті елдің жоғары лауазымды шенеуніктерін де айналып өтпеген болып шықты. Жақында әлеуметтік желіде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың базарда дәл осындай жағдайға тап болғанын растаған бейнежазбасы тарады.

«Амалсыз көндік...» Тілшіміз мәліметтің анық-қанығына үңіліп көрді. Желідегі бейнежазбадан белгілі болғандай, вице-министр базардан қой етін сатып алу барысында тек сан (жамбас) бөлігін ғана таңдап алмақ болған. Алайда, сатушылар таза жұмсақ етті жеке сату өздеріне тиімсіз екенін алға тартып, үстеме ретінде басқа сүйекті бөліктерін де бірге алуды талап еткен. Барар жер, басар тау қалмаған соң, шенеунік етті амалсыз қосалқы бөліктерімен бірге сатып алуға мәжбүр болғанын жасырмады.

«Тек сан етін алғымыз келген. Бірақ сатушылар бұлай сату өздеріне тиімсіз екенін айтып, үстеме ретінде басқа жерін де қосып берді. Амал нешік, жұмсақ етті солай алуға мәжбүр болдық. Сондықтан мұндай жағдайлар шынымен де кездеседі», – деді Азат Сұлтанов.

Тұтынушы құқығы қалай қорғалады? Мұндай әрекет тұтынушылардың құқығын тікелей бұзу және сауда орындарында өз уәкілеттігін асыра пайдалану болып табылады. Қазіргі уақытта бұл мәселе Сауда және интеграция министрлігінің бақылауына алынған. Құзырлы орган өкілдерінің мәлімдеуінше, бүгінде әрбір ресми базарда тұтынушылардың құқығын қорғайтын арнайы ақпараттық стендтер орнатылған. Онда заң бұзылған жағдайда хабарласуға болатын жедел желі нөмірлері көрсетілген.

Заңсыздықты қалай дәлелдейміз? «Егер сатушы сүйекті күштеп таңса, оны қалай дәлелдейміз?» деген заңды сұрақ туындайды. Мамандардың кеңесіне сүйенсек, бұл мәселені шешудің ең оңай жолы — ұялы телефон. Сатушының заңсыз талабын немесе тауарды күштеп таңу сәтін бейнежазбаға түсіріп алу жеткілікті. Бұл — заңсыздықты дәлелдейтін басты айғақ әрі саудагерлерді тәртіпке салатын пәрменді құрал.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0