$ 477.11  545.58  6.2

«Қарбыз маусымы»: Ерте піскен бақша өнімдерін жеуге бола ма?

«Қауын-қарбызды шілденің соңы мен қыркүйек аралығында тұтынған барынша қауіпсіз».

Фото: Казинформ
Фото: Казинформ

Жаз ортасы ауа бере сөрелерде самсап тұратын қарбыз-қауынға қызықпайтын жан кемде-кем, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Алайда «Бұл өнімдерді қазір жеу қаншалықты қауіпсіз? Әлде тамыз бен күздің келуін күткен дұрыс па?» деген сауал әрбір екінші адамды мазалайтыны анық. Үкімет кулуарында БАҚ өкілдері дәл осы сұрақты Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановқа төтесінен қойды. Шенеуніктің жауабын Tengri Life тілшісі тарқатып жазады. Бүгінде жұрт арасында химиялық тыңайтқыштар мен нитраттарға қатысты қауіп те, дау да көп.

Азат Сұлтанов бұл мәселеге қатысты маман ретінде өз уәжін айтты. Оның сөзінше, елімізде бақша өнімдерін өсірудің бірнеше әдісі бар: пленка астында, ерте пісетін, орта және кеш пісетін сорттар. Ал маусымнан тыс уақыттағы өнімдер шетелден тасымалданады.

«Қауын-қарбызды шілденің соңы мен қыркүйек аралығында тұтынған барынша қауіпсіз. Дәл осы уақытта олар ешқандай қоспасыз, жасанды өсу стимуляторларынсыз, табиғи түрде бабына келіп піседі. Сондықтан, әсіресе балалардың денсаулығы үшін қазірше ерте піскен қарбыздан бас тарта тұруды ұсынамын. Бұл — менің маман ретіндегі жеке кеңесім», — деді вице-министр.

Сонымен қатар, ол шекара асып келетін әрбір өнім фитосанитарлық бақылаудан қатаң өткізілетінін жеткізді. Ондағы мақсат — елге зиянкестер мен өсімдік ауруларының енуіне жол бермеу.

«Фитосанитарлық қауіпсіздік жағынан уайымдауға негіз жоқ. Алайда өнім құрамындағы химиялық заттардың қалдығы тұрғындар денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Бұл бағытта біз Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен (СЭС) бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз», — деп түсіндірді Сұлтанов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0