Анығында, елімізде 2024 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтардың проблемалық несиелерін коллекторлық агенттіктерге сатуға заңмен тыйым салынған болатын.
Қазақстанның қаржы секторы тағы бір рекордымен «көзге түсті». Тек бұл жолы мақтанатындай емес, керісінше, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық шиеленістің шегіне жеткенін көрсететін көрсеткіш белгілі болды. Банктер мен микроқаржы ұйымдарының сотқа дейін өндіріп алу үшін коллекторларға берген проблемалық несиелерінің көлемі тарихта алғаш рет бір триллион теңгенің шегінен асып жығылды. Сарапшылардың дерегінше, үстіміздегі жылдың наурыз айында бұл көрсеткіш 1,1 триллион теңгеге жеткен, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда бірден 37,2 пайызға көп. Ал бұдан бес жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ, коллекторлардың қолына өткен қарыз көлемі үш есеге жуық өсіп кеткен. Мұндай қарқынды өсімнің астарында не жатыр және банктердің бұл әрекеті қаншалықты әділетті деген заңды сауал туындайды. Анығында, елімізде 2024 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтардың проблемалық несиелерін коллекторлық агенттіктерге сатуға заңмен тыйым салынған болатын.
Бұл шешім халықты коллекторлық қысымнан қорғау үшін қабылданып, биылғы жылдың қаңтарында аталған мораторий мерзімі келесі жылдың мамырына дейін ұзартылды. Алайда, екінші деңгейлі банктер бұл тыйымды айналып өтудің таптырмас жолын тауып алған сыңайлы. Олар несиені өз балансында ұстағанымен, оны «сығып өндіру» жұмысын коллекторларға аутсорсингке беріп отыр. Нәтижесінде, заң жүзінде банк «таза», ал іс жүзінде қарыз алушы баяғы қысымның астында қала береді. Статистика да мұны растайды: коллекторлардың өз ақшасына сатып алған қарыздар көлемі азайып, ал банктердің өндіріп алуға «уақытша» берген портфелі 941,2 миллиард теңгеге дейін күрт өскен.
Отандық қаржы институттарының бүгінгі саясаты жүйелі түрде сынға ұшырап келеді. Өйткені сары майдан қыл суырғандай пайда тауып отырған банктер несие портфелін өсіру үшін төлем қабілеті төмен азаматтарға да оңды-солды қарыз үлестіруді тоқтатар емес. Көшедегі жарнама мен мобильді қосымшалардағы «бір кликпен мақұлданды» деген хабарламалар адамдарды несиелік құрдымға итермелейді. Егер банк клиенттің қаржылық жағдайын дұрыс сараптамаса, онда проблемалық несиенің пайда болуына ең алдымен несие беруші ретінде банктің өзі кінәлі. Бірақ олар жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейді. Оның үстіне, клиент қиын жағдайға тап болғанда банктер оған жеңілдік жасап, пайызын төмендетуге немесе мерзімін ұзартуға құлықсыз. Керісінше, уақыт созып, айыппұл мен өсімақыны үйіп-төгіп, соңында қарызды коллекторларға ысыра салады. Банк үшін қиналған отандасына көмектескеннен көрі, қарызды коллекторлық «машинаға» лақтырып жіберген әлдеқайда оңай болып тұр.
Жуырда іске қосылған Finkelisim.kz платформасы - бұл банктердің өздігінен тиімді реструктуризация жасаа алмағанының тікелей дәлелі. Мемлекет тарапынан мұндай платформаның енгізілуі - банк секторының әлеуметтік жауапкершілікті сезінбей, тек пайда қууды көздегеніне қарсы жасалған мәжбүрлі қадам. Түйіндей айтқанда, рекордтық 1,1 триллион теңге - бұл жай ғана құрғақ сан емес. Бұл миллиондаған қазақстандық отбасының күйзелген тағдыры мен шарасыздығы. Банктердің заңдағы шикіліктерді пайдаланып, коллекторларды «қолшоқпар» ретінде қолдануын тоқтататын уақыт жетті. Несие нарығындағы бақылау тек коллекторларды шектеумен ғана шектелмей, ең алдымен, банктердің өздерінің жауапкершілігін қатаңдатудан басталуы тиіс. Жеңіл ақша тауып, жауапкершіліктен қашатын кезең артта қалуы керек.