Алайда кейін бұл көріністің алдын ала жоспарланған қойылым болғаны белгілі болды.
Соңғы күндері желіде диплом тапсыру рәсімі кезінде дипломын көпшілік алдында жыртып тастаған түлектің видеосы кең таралып, қызу талқыланған еді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бейнежазбада көрініп тұрғандай, жас жігіт дипломын алғаннан кейін оны жыртып тастайды. Бұл көрініс әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызып, көпшілік мұндай әрекетті білімге, оқу орнына және ұстаздарға деген құрметсіздік деп бағалады.
Алайда кейін бұл көріністің алдын ала жоспарланған қойылым болғаны белгілі болды. Яғни, колледж студенті мемлекеттік үлгідегі дипломының түпнұсқасын емес, арнайы дайындалған көшірмесін жыртқан. Дегенмен, Осы жас жігіт, яғни, Алматыдағы Халықаралық бизнес және коммуникациялар колледжінің студенті Дәулет Айдосұлы жұртшылықтан кешірім сұрады.
«Мен, Абдрахман Дәулет Айдосұлы, Халықаралық бизнес және коммуникациялар колледжінің (ICB) студентімін. Әлеуметтік желілерде таралған диплом тапсыру рәсіміндегі бейнежазбаға байланысты колледж ұжымынан, оқытушылардан, Білім басқармасынан және барша жұртшылықтан шын жүректен кешірім сұраймын. Мен шын дипломымды жыртқан жоқпын. Видео үшін алдын ала дайындалған дипломның көшірмесін пайдаландым. Менің әрекетімде ешқандай жаман ниет немесе колледжге және оның құндылықтарына құрметсіздік көрсету мақсаты болған жоқ. Болған жағдайға шын жүректен өкінемін және мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынына уәде беремін», – деді студент.