$ 469.83  536.83  5.97

Балалы болуға не кедергі? Cарапшылар демографиялық ахуалды жақсартудың жолдарын саралады

Демографиялық аухуалды зерттеуші спикердің сөзінше, бүгінде қыздардың ана болу көрсеткіші 29 жастан асып кеткен.

Коллаж: Midjourney
Коллаж: Midjourney

Қазақстанда демографиялық өсім баяулап келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылы елде дүниеге келген сәбилер саны шамамен 335 мыңды құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 8–10 пайызға аз және соңғы он бір жылдағы ең төменгі көрсеткіш саналады, деп жазады SN ақпараттық порталы. 
Сарапшылар мұны уақытша құбылыс емес, ұзақ мерзімді демографиялық өзгерістің белгісі ретінде бағалайды.
Әлеуметтік мәселелер және Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі сарапшы Нұржамал Иминованың айтуынша, бүгінгі ахуалға бірнеше фактор қатар әсер етуде. Соның бірі – демографиялық толқынның өзгеруі. Қазіргі таңда бала туу жасына 1990-жылдары дүниеге келген буын келіп отыр. Бұл кезеңде елдегі экономикалық қиындықтарға байланысты туу деңгейі төмен болғандықтан, бүгінде ана болатын әйелдердің саны да азайып отыр, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы. 

«Сонымен қатар, жастардың өмір салты мен құндылықтары өзгерді. Егер бұрын ерте жаста отбасын құрып, көпбалалы болу қалыпты құбылыс саналса, қазіргі жастар алдымен білім алуға, кәсіби мансап қалыптастыруға, тұрғын үй мәселесін шешуге және қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуге басымдық береді. Сондықтан неке қию мен бала сүю кейінгі кезеңге шегеріліп келеді», - деді сарапшы Нұржамал ханым. 

Picture background

Ана болуға асықпау қалыпты құбылысқа айналған

Демографиялық аухуалды зерттеуші спикердің сөзінше, бүгінде қыздардың ана болу көрсеткіші 29 жастан асып кеткен. Оған экономикалық факторлардың ықпалы да айқын байқалады. Соңғы жылдары тұрғын үй бағасының қымбаттауы, инфляцияның өсуі, азық-түлік пен білім беру шығындарының артуы көптеген отбасыларды бала санын мұқият жоспарлауға мәжбүр етуде. Бүгінде көптеген ата-ана бірнеше бала тәрбиелегеннен гөрі бір немесе екі балаға сапалы білім мен жақсы өмір жағдайын жасауды жөн көреді.

Ал гендерлік теңдік және демография орталығы мамандарының пікірінше, урбанизацияның күшеюі де демографиялық үрдіске әсер етіп отыр. Қала тұрғындары ауыл халқына қарағанда кешірек отбасы құрып, аз бала сүйеді. Қазақстанда соңғы он жыл ішінде қала халқының үлесі едәуір артқан. Бұл әлемнің көптеген елдеріне тән заңдылық.

«Демографиялық көрсеткішке қоғамдағы әлеуметтік көзқарастар да әсер етеді. Бүгінде бала тәрбиесі мен үй шаруасының негізгі жауапкершілігі көбіне әйелдердің мойнына жүктеледі. Мұндай жағдайда көптеген әйелдер ана болу мен мансап арасында таңдау жасауға мәжбүр. Бұған қоса, еңбек нарығында жүкті әйелдер мен жас аналарға қатысты жасырын кемсітушілік те кездеседі. Кейбір жұмыс берушілер олардың кәсіби мүмкіндігіне күмәнмен қарайды», - деді орталықтың өкілі.  

Picture background

Баспананың қымбаттығы балалы болуға кедергі 

Қазақстанда ана мен баланы әлеуметтік қорғау жүйесі Орталық Азиядағы дамыған жүйелердің бірі саналғанымен, сарапшылар оны одан әрі жетілдіру қажет екенін айтады. Әсіресе тұрғын үйдің қолжетімділігі, сапалы балабақшалардың жеткілікті болуы, икемді жұмыс кестесінің енгізілуі және әйелдердің еңбек нарығындағы құқықтарының қорғалуы маңызды.
Нұржамал Иминованың пікірінше, туу көрсеткішін арттыру тек жәрдемақыны көбейтумен шектелмеуі тиіс. Кешенді мемлекеттік саясат қажет. Оның ішінде қолжетімді баспана, сапалы білім беру, тиімді денсаулық сақтау жүйесі, ата-аналарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған шаралар болуы керек. Сонымен бірге әкелердің бала тәрбиесіне белсенді қатысуын қолдау да маңызды.

Баспана, жайлы үйге қол жеткізудің қиындығы да балалы болуға кедергі. Пәтер мен тұрмысқа қажетті заттардың ұдайы қымбаттауы жастарды ойландырмай қоймайды. Көбі ұзақ мерзімді ипотеғаға жүгінгендіктен, бала санын көбейтуге құлықмыз. 

Мамандардың пікірінше, демографиялық саясат – тек бүгінгі мәселе емес, елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясының маңызды бөлігі. Өйткені халық санының өсуі еңбек ресурстарына, экономикалық белсенділікке, ұлттық қауіпсіздікке және мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығына тікелей ықпал етеді. Сондықтан демографиялық саясат қаржылық қолдау шараларымен ғана емес, жастардың болашаққа деген сенімін арттыратын, отбасы құруға қолайлы жағдай жасайтын жүйелі реформалармен қатар жүруі тиіс.

Егер мемлекет, жұмыс берушілер және қоғам бұл мәселеге ортақ жауапкершілікпен қараса, Қазақстанда демографиялық өсімді тұрақтандыруға және жас отбасылардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік мол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0