$ 470.28  537.53  5.99

«Әскерде зорлық көрдім»: Халықтан ақша жинаған жігіт 3 жылға сотталды

Күдікті тергеу кезінде жалған ақпаратты тек қаржы табу мақсатында жариялағанын мойындаған.

Фото: Курсив
Фото: Курсив

Астанада әлеуметтік желі арқылы әскери қызмет кезінде зорлық-зомбылық көргені туралы жалған мәлімет таратып, жұрттан ақша жинаған 23 жастағы азаматқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Тергеу мәліметінше, ол биылғы ақпан айында анонимді жазба жариялап, әскерде өзіне жыныстық зорлық-зомбылық жасалғанын және өміріне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеген. Сондай-ақ шетелге кету үшін қаржылай көмек сұрап, жазбаға банк шотының реквизиттерін қоса жариялаған.

Кейін әлеуметтік желі қолданушыларының бірі бұл жағдайға қатысты шағым түсіргеннен кейін тексеру жүргізіліп, таратылған ақпараттың шындыққа жанаспайтыны анықталды. Сонымен қатар күдіктінің әскери қызметте мүлде болмағаны белгілі болды.

Тергеу барысында оның ақша жинау үшін 17 жастағы танысының банк картасын пайдаланғаны белгілі болды. Жасөспірім бұл әрекеттен бейхабар болған. Екі күн ішінде аталған есепшотқа 15-тен астам ақша аударымы түскен.

Күдікті тергеу кезінде жалған ақпаратты тек қаржы табу мақсатында жариялағанын мойындаған.

Аталған факті бойынша алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот оны кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айырды.

Полиция азаматтарды әлеуметтік желілерде таралатын тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге және бейтаныс адамдардың есепшотына ақша аудармауға шақырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0