Елімізде қазір 617 мың шаршы метр коммерциялық тұрғын үй салынып жатыр.
Халықтың сатып алу қабілеті күрт төмендеп, баспанасыз жүрген бұқара шаршы метрдің құнынан сескеніп отырғанда, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жағдайға араласудан ашық түрде бас тартты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мемлекеттің бағаны реттеуге қауқарсыз екенін мойындап, коммерциялық нарықты құрылыс компанияларының өз ырқына беріп қойғанын жеткізді. Елімізде қазір 617 мың шаршы метр коммерциялық тұрғын үй салынып жатыр.
Алайда бұл алып құрылыс алаңдары қарапайым халықтың баспаналы болуына кепілдік бере алмайды. «Болжам жасамаймыз, араласпаймыз»: Шенеуніктер жауапкершіліктен қалай қашты? Депутаттар тарапынан «Баспана арзандай ма, әлде қымбаттай ма?» деген нақты сұрақ қойылғанымен, министрліктен тұшымды жауап болмады. Ведомство басшысы бағаның болашағына қатысты қандай да бір болжам айтудан үзілді-кесілді бас тартты.
«Бұл жерде біз нарыққа араласпаймыз. Баспана нарығындағы бағаның өсуі немесе төмендеуі бойынша кесіп болжам жасамаймын, себебі бұл дұрыс емес деп есептеймін», — деді Ерсайын Нағаспаев.
Министрліктің бұл ұстанымы қоғамда үлкен сұрақ туғызады: Егер мемлекет бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл қоймаса және нарықтағы бағаға қатысты бағыт-бағдар бере алмаса, құрылыс секторындағы алыпсатарлықты кім ауыздықтайды? Әлеуметтік баспана — жай жұбаныш па? Министрлік тек әлеуметтік баспана бағасын бақылауда ұстап, шекті бағаларды бекіткенін айтып ақталды.
Алайда кезекте тұрған мыңдаған азаматтар үшін әлеуметтік үйлердің жетіспеушілігі мен құрылыстың баяулығы — бұрыннан шешілмей келе жатқан түйін. Мемлекеттік бағдарламаға іліге алмаған орта тап коммерциялық нарықтың «еркін сұранысы мен ұсынысына» тәуелді болып қала бермек.
Жазғы маусымдағы сұраныстың артуы коммерциялық шаршы метрлердің бағасын тағы да шарықтатып жібермей ме деген қауіп басым. Мемлекеттің мұндай енжарлығы құрылыс компанияларына бағаны ойыншыққа айналдыруға кеңістік ашып беріп отыр.