Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазып, адам өмірінің ең жоғары құндылық екенін атап өтті.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қайтыс болғаннан кейін ағза донорлығына келісім беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазып, адам өмірінің ең жоғары құндылық екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, жақында көрген «4739» деректі фильмі трансплантация мәселесіне деген көзқарасын тағы бір мәрте терең ой елегінен өткізуге себеп болған.
«Адам өмірі – табиғаттың бірегей сыйы әрі бұл дүниеде ешнәрсемен өлшеуге келмейтін ең жоғары құндылық. Бұл мемлекетпен де, қоғаммен де, заңмен де, дінмен де мойындалған шындық. Әрине, бұл баршамызға ортақ, түсінікті ой. Бірақ, күні кеше «Хабар» арнасы түсірген «4739» деректі фильмін көріп отырып, осы ақиқаттың қаншалықты терең, қаншалықты маңызды екеніне тағы бір рет көз жеткізгендеймін. Сөз жоқ, бұл фильм біздің адам өмірін сақтаудағы технологиялық мүмкіндіктерге ғана емес, ең алдымен әр адамға тән үміт пен өмірге құштарлық, жүрек жылатар өкініш пен қуаныш, рухани күрес сияқты үлкен сезімдерге көзімізді қайта ашқандай», – деп жазды Аида Балаева.
Вице-премьердің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда 4739 адам ағза трансплантациясын күтіп отыр. Олардың қатарында 125 бала бар.
«Бұл дегеніңіз 4739 үміт, елжіреген жүрек, жалтақтаған жанар. Олардың арасында 125 бала бар», – деді Аида Балаева.
Министр елімізде жасалатын трансплантациялардың басым бөлігі тірі туыстық донорлардың көмегімен жүзеге асатынын айтты. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді.
Осыған байланысты ол донор болу әр адамның жеке таңдауы екенін айтып, мұндай мәселеде ешкімге қысым көрсетілмеуі керектігін жеткізді.
«Әрине, донор болу немесе болмау – әр адамның жеке таңдауы. Бұл – өте нәзік әрі күрделі мәселе. Мұндай шешімге ешкімді мәжбүрлеуге болмайды. Меніңше, бұл тақырыпта ең маңыздысы – екі тараптың да жағдайын түсіне білу. Бір жағында – ағза күтіп, өмірден үмітін үзбей жүрген адамдар болса, екінші жағында – ең жақын адамынан айырылып, орны толмас қайғыны бастан кешіп жатқан отбасы тұр. Сондықтан осы екі жағдайдың арасындағы нәзік шекара әрдайым сақталуы керек. Бұл жерде ешқандай қысым да, айыптау да болмауы тиіс. Тек әр адамның таңдауы мен әр отбасының шешіміне деген құрмет болуы қажет», – деп толықтырды министр.
Аида Балаева өзі қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беруге келісім беретінін де мәлімдеді.
«Күндердің күнінде жақындарымның алдына дәл осындай таңдау тұрса, онда, сөз жоқ, өмірге қайта оралғысы келетін адамдарға көмектесудің маңызын түсінгенін қалар едім. Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен атап өткім келеді. Себебі бір адамның шешімі басқа бір адамға өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін», – деп мәлімдеді Аида Балаева.
Сөз соңында министр трансплантация мәселесін қорқынышпен емес, жауапкершілікпен және адам өміріне деген құрметпен қарау қажет екенін айтты.
«Өйткені адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Ал оны сақтап қалуға бағытталған әрбір ізгі қадамның маңызы зор. Трансплантацияға мұқтаж әр адамның артында өмірге деген үлкен үміт тұр. Сол үмітті үзбеу – баршамызға ортақ адамгершілік міндет деп ойлаймын», – деп түйіндеді Аида Балаева.
Айта кетейік, «4739» деректі фильмі 24 шілде күні сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан көрсетіледі.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Қазақстанда 172 мыңнан астам азамат eGov порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығына қатысты өз таңдауын жасаған. Оның ішінде 16 109 адам донорлыққа келісім берсе, 156 174 азамат мұндай шешімнен бас тартқан.