Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Павлодар облысына арнайы барып, оқиға орнындағы жағдаймен танысты.
Павлодар облысындағы «Aqtogai Milk» сүт фермасында алты адамның қаза болуына қатысты жағдайды анықтау үшін арнайы комиссия құрылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Арнайы комиссия құрамына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ Павлодар облысы әкімдігінің өкілдері кірді.
Ведомство мәліметінше, комиссияға оқиғаның барлық мән-жайын зерттеп, қайғылы жағдайдың себептерін анықтау және алдағы уақытта мұндай оқиғалардың алдын алу бойынша ұсыныстар әзірлеу міндеті жүктелген.
«Комиссияға оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті зерделеу, жазатайым оқиғаның себептерін анықтау және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу жөнінде нақты шаралар әзірлеу тапсырылды», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Павлодар облысына арнайы барып, оқиға орнындағы жағдаймен танысты. Министр қайғылы оқиғаға байланысты ұйымдастырылған үйлестіру кеңесіне де қатысты.
Айта кетейік, «Aqtogai Milk» ЖШС-ның сүт фермасында болған төтенше жағдай 20 шілдеде тіркелген. Алдын ала ақпарат бойынша, кәріз құдығына түскен жеті жұмысшы электр сорғысындағы ақауды жөндеу жұмыстарын жүргізген. Соның салдарынан алты қызметкер көз жұмып, бір адам аман қалған. 38 жастағы ер адам медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді.
Қаза болған жұмысшылардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілетіні хабарланды. Компания марқұмдардың жалақысын жыл соңына дейін төлеуді, несие төлемдерін өтеуге қолдау көрсетуді және балалары кәмелетке толғанға дейін олардың білім алуына байланысты шығындарды өз мойнына алуды жоспарлап отыр.