27.07.2026, 14:40

Алматыда жантүршігерлік жол апатынан 2 бойжеткен ажал құшты

Фото: zakon.kz

Алматыда 27 шілдеге қараған түні Рысқұлов даңғылы мен Шәріпов көшесінің қиылысында Mercedes-Benz G-Class және Suzuki SX4 автокөліктері соқтығысты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Куәгерлердің айтуынша, Suzuki автокөлігі Рысқұлов даңғылымен батыс бағытта келе жатып, Шәріпов көшесінің тұсында кері бұрылмақ болған. Осы сәтте Рысқұлов даңғылымен шығыс бағытта жоғары жылдамдықпен келе жатқан Гелендваген бұрылып бара жатқан Suzuki-ді соққан. Қатты соққыдан Suzuki ондаған метрге ұшып кеткен, ал Mercedes тағы 70 метрдей жүріп барып тоқтаған.

Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының кезекші бөлімі хабарлағандай, жол-көлік оқиғасы бүгін сағат 03:10-да Алатау ауданында болды.

Алдын ала мәлімет бойынша, Suzuki көлігінің жүргізушісі Рысқұлов даңғылымен батыс бағытта келе жатып, Шәріпов көшесімен қиылыста кері бұрылмақ болған. Сол сәтте ол Рысқұлов даңғылымен шығыс бағытта қозғалып келе жатқан Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан Suzuki автокөлігінің жүргізушісі мен оның бір жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Suzuki-дің тағы бір жолаушысы мен Mercedes жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді.

Екі адамның өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Апаттың мән-жайы анықталып жатыр.