27.07.2026, 18:20

Павлодар облысындағы көмір кенішінде жұмысшы қаза тапты

Фото: Ақмешіт жастары

Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталуда.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында орналасқан «Майкүбен Вест» АҚ кәсіпорнында болған өндірістік оқиға салдарынан тау-кен шебері көз жұмды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, қайғылы жағдай 2026 жылғы 24 шілдеде бұрғылау-жару жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде болған.

«Алдын ала мәлімет бойынша, бұрғылау-жару жұмыстарын жүргізу кезінде 1984 жылы туған тау-кен шебері ауыр жарақат алып, салдарынан қаза тапқан», – деп мәлімдеді мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті.

Қазіргі уақытта еңбек инспекциясының мамандары арнайы тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталуда.

Еске салайық, бұған дейін Рудный қаласындағы «ERG Service» зауытында да өндірістік қайғылы оқиға тіркелген болатын. 19 маусымда электрмен болат балқыту цехында жұмысшы қаза тапқан еді.