27.07.2026, 16:40

«Алматы – Өскемен» автожолында үш көлік соқтығысып 3 адам қаза тапты

Фото: gov.kz

Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу шараларын жүргізіп жатыр.

Жетісу облысындағы «Алматы – Өскемен» автожолында үш көлік соқтығысып, адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Апат Алакөл ауданы аумағындағы аталған тасжолдың 474-шақырымында болған. Полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, Kia Sportage көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып кеткен. Соның салдарынан ол алдымен Toyota Highlander автокөлігімен, кейін Lexus GS300 көлігімен соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан Kia Sportage жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Сонымен қатар түрлі жарақат алған тағы алты адам медициналық мекемелерге жеткізілді.

Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу шараларын жүргізіп жатыр.

«Барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға, жылдамдықты асырмауға, қауіпті маневрлер жасамай, қарсы бағытқа шықпауға шақырамыз. Бірнеше секундтық тәуекел адам өмірін қиюы мүмкін. Өз өмірлеріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараңыздар», – деп ескертті полиция департаменті.