27.07.2026, 17:20

Павлодар арқылы Ресейден Өзбекстанға қатынайтын әуе рейсі ашылады

Фото: Arainfo.kz

Бұл туралы Павлодар облысының әкімдігі мәлімдеді.

2026 жылдың қыркүйегінде Павлодар арқылы Ресейден Өзбекстанға қатынайтын жаңа халықаралық транзиттік әуе бағыттарын іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы Павлодар облысының әкімдігі мәлімдеді.

Әкімдік мәліметінше, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Омбы қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XXI өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында өңірдің көлік-логистикалық әлеуеті туралы баяндама жасаған.

"Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Омбы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен өткен Қазақстан мен Ресейдің XXI өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі... Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары аяқталғаннан кейін, биылғы қыркүйекте Омбы-Павлодар-Ташкент және Новосібір-Павлодар-Ташкент бағыттары бойынша халықаралық транзиттік әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр", – делінген таратылған ақпаратта.

Форум барысында өңір басшысы халықаралық «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін дамыту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Павлодар өзен портында қосымша айлақтың құрылысы аяқталып, Ертіс өзенінде көлемі 1,2 миллион текше метрден асатын түбін тереңдету жұмыстары жалғасып жатыр.

Сондай-ақ «Атамекен – Ертіс – Русская Поляна» автожолын күрделі жөндеу аяқталуға жақын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл күзде республикалық маңызы бар «Қызылорда – Павлодар – Успенка – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолындағы Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жоба жүк көліктерінің жолын 60 шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.