28.07.2026, 10:45

Қазақстан Өзбекстанға өсімдік майын жеткізуде көшбасшылық орнын сақтап қалды

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Соңғы бес маусым бойы жеткізілім көлемі тұрақты түрде өсіп келеді.

Қазақстан қатарынан екінші жыл Өзбекстан нарығына өсімдік майын жеткізетін ең ірі мемлекет болып отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

2025 жылдың қыркүйегі мен 2026 жылдың мамыры аралығында Қазақстан көрші елге 553 мың тонна май-тоңмай өнімдерін экспорттады. Бұл өткен маркетингтік жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 130,8 мың тоннаға немесе 31%-ға артық.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Өзбекстандағы өсімдік майы нарығындағы үлесі 90%-дан асты. Соңғы бес маусым бойы жеткізілім көлемі тұрақты түрде өсіп келеді.

Сонымен қатар май-тоңмай саласы өнімдерінің жалпы экспорты да айтарлықтай ұлғайды. Маркетингтік жылдың тоғыз айында Қазақстан шетелге өсімдік майын, күнжара мен шротты жалпы 944 млн АҚШ долларына экспорттады.

Экспорттан түскен табыс 2024/2025 маркетингтік жылының қыркүйек–мамыр кезеңімен салыстырғанда 331 млн долларға немесе 54%-ға артты. Болжам бойынша, ағымдағы маркетингтік жылдың соңына дейін өсімдік майы, шрот және күнжара экспортының көлемі 1,15 млрд доллардан асады.

Экспорт көлемінің артуына отандық қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуы ықпал етуде. Қазіргі таңда Қазақстанда майлы дақылдарды өңдеу қуаты жылына 5,2 млн тоннадан асады. Оның ішінде 4,4 млн тоннасы күнбағыс тұқымын өңдеуге арналған. Бұл Өзбекстандағы барлық қайта өңдеу кәсіпорындарының жиынтық қуатынан 700 мың тоннаға артық.

Жаңа кәсіпорындарды іске қосу және өндірісті кеңейту есебінен 2028 жылға қарай Қазақстанның май-тоңмай саласының өңдеу қуатын жылына 8 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Қазір қазақстандық май-тоңмай өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады. Сондай-ақ Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің күнбағыс шроты бойынша сұранысын толық қамтамасыз етіп, күнбағыс майын экспорттау көлемі жөнінен әлемде алтыншы орында тұр. Алдағы уақытта сала әлемдегі ең ірі үш экспорттаушы елдің қатарына еніп, экспорттан түсетін жылдық кірісті 2 млрд АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр.