28.07.2026, 14:20

«Қоштасу үшін бардым»: Айыпталушы Шерхан Нұрай Серікбайды қалай өлтіргенін айтты

Фото: 24kz

Сотталушы сол сәтте аффект күйінде болып, өзін жоғалтып алғанын мәлімдеді.

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты өтіп жатқан басты сот талқылауында сотталушы Шерхан Аймахан оқиға күні болған жайтқа қатысты өз жауабын берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, Нұрай Серікбайға пышақ жарақатын нақты қалай салғаны есінде жоқ. Сотталушы сол сәтте аффект күйінде болып, өзін жоғалтып алғанын мәлімдеді.

«Алдында айтып өткенімдей, Нұраймен қоштасу үшін бардым. Содан кейін ол маған балағат сөздер айтып, көкірегімнен ұра бастады. Мен оған кішкентай пышақты бердім, сол сәтте сол қолымен соққы жасаған соң (оң жақ бүйірін көрсетті), өзімді жоғалтып алдым, әрі қарай есімде жоқ», – деді Шерхан Аймахан.

Сот барысында айыпталушы Нұрай Серікбайды қанша рет пышақтағанын және алғашқы жарақатты қай кезде салғанын нақты айта алмады. Оның сөзінше, оқиғаның бұл бөлігі мүлде есінде қалмаған.

«Қан жоғалтып жатыр екен, мен не болғанын түсінбей жүрдім. Мен есімді жиып оянған кезде жазық далада жүр екенмін. Жолда көліктер өтіп жатты. Не болғанын білейін деп көліктерді тоқтаттым. Екі автокөліктің бірі тоқтады. Солар мені көліктеріне отырғызып аудандық полиция бөліміне апарған болатын. Сол кезде бір-ақ не болғаны мәлім болды», – деді ол.

Шерхан Аймахан мұндай жағдайлар өзінде бұрыннан кездесетінін айтты. Оның сөзінше, кейде бірнеше күнге, тіпті бір аптаға дейін есінен танып қалатын кездері болады.

«Менің диагнозымда аралас ойлар және әрекеттер деген диагноз бар. Ол сараптамада көрсетілген. Ондай диагноз Нұрайға дейін де, одан кейін де болып тұрады. 2019 жылы бассейнге секіріп, соңында бас жарақатын алғаннан кейін пайда болған», – деп түсіндірді сотталушы.

Еске салайық, 28 шілдеде өткен сот отырысында сотталушыдан жауап алу жалғасып жатыр. Жауап беру барысында ол Нұрайдың бірінші болып өзіне пышақ сұққанын айтып, оқиғаға қатысты өз нұсқасын ұсынды.

Айта кетейік, Нұрай Серікбай 2026 жылғы 11 қаңтар күні кешке Шымкентте пышақ жарақатынан көз жұмған. Күдікті оқиға орнынан қашып кеткенімен, екі күннен кейін ұсталды.

Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, 125-1-бап («Некеге тұруға мәжбүрлеу»), 115-1-бап («Сталкинг») және 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы («Аса қатыгездікпен адам өлтіру»).