Жазаның өтелмеген бөлігі тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылау аясында өтеледі.
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мерзімінен бұрын босатылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Павлодар облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, сот оны биылғы ақпан айында шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылдаған.
Ведомствоның хабарлауынша, Абылай Мырзахметовтің төрт мақтау қағазы бар және оған екінші дәрежелі оң мінез-құлық берілген. Сондай-ақ жазасын өтеу кезінде ол түзеу мекемесінде тігін шеберханасын ашқан.
Жазаның өтелмеген бөлігі тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылау аясында өтеледі.
Еске салайық, Абылай Мырзахметов 30 миллион доллар көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Кейін сот оны кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды. Оның ісі аясында мемлекетке 7 миллиард теңге қайтарылғаны хабарланған.
Сот үкіміне сәйкес, 2023 жылғы 10 мамырдан бері қамауда отырған уақыты жаза мерзіміне есептелді. Орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде болған әрбір бір жарым күн бір күн ретінде саналып, осы уақытқа дейін ол бес жылдық жазаның екі жыл тоғыз айын өтеген.
Айта кетейік, бұған дейін Абылай Мырзахметов шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сотқа екі рет өтініш берген.