$ 473.4  539.39  6.07

50-ден астам адам жарақат алды: Жапонияда жойқын жер сілкінісі болды

Құтқару қызметтері шығын көлемін анықтап жатыр.

Фото: Kyodo/REUTERS
Фото: Kyodo/REUTERS

Жапонияның оңтүстігіндегі Кумамото префектурасында магнитудасы 7,1 болатын күшті жер сілкінісі болды. Алдын ала мәлімет бойынша, кемінде 50 адам жарақат алып, мыңдаған үй жарықсыз қалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы  Reuters агенттігіне сілтеме жасап. 

Жерасты дүмпуі 28 шілде күні Кюсю аралында тіркелген. Жапонияның метеорологиялық агенттігі бастапқыда жер сілкінісінің магнитудасын 7,1 деп бағалады. АҚШ Геологиялық қызметі кейін оның магнитудасын 6,8 деп нақтылады. 

Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичидің айтуынша, апаттан кейін кейбір аудандарда өрт шығып, ғимараттар, жолдар мен көпірлерге зақым келген. Құтқару қызметтері шығын көлемін анықтап жатыр.

Жергілікті ауруханалардың біріне 50-ден астам жарақат алған адам жеткізілген. Сондай-ақ жер сілкінісі кезінде жүрдек пойызда болған бірнеше жолаушының жарақат алғаны хабарланды.

Кюсю электр энергетикалық компаниясының мәліметінше, шамамен 40 мың үй жарықсыз қалған. Теміржол қатынасы, оның ішінде жүрдек пойыздардың қозғалысы уақытша тоқтатылды. Кумамото әуежайы жабылып, бірқатар әуе рейсі кейінге шегерілді. 

Жер сілкінісінен кейін жағалауда биіктігі бір метрге дейінгі толқын болуы мүмкін деген ескерту жарияланды. Алайда цунами тіркелмеген соң ескерту алынып тасталды.

Төтенше жағдайлар қызметі 150 мыңнан астам тұрғынға эвакуациялық орталықтарға бару туралы нұсқау берді. Жапонияның метеорологиялық агенттігі алдағы бір аптада күшті қайталама дүмпулер болуы мүмкін екенін ескертті. 

Өңірге жақын орналасқан атом электр станцияларында қалыптан тыс жағдай тіркелген жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0