$ 476.75  541.59  6.06

Оралда төтенше жағдай жарияланды

Оның айтуынша, 28 шілдеде Орал қаласы әкімдігінің шешімімен жергілікті деңгейде төтенше жағдай режимі жарияланған.

Фото: Медет Медресов
Фото: Медет Медресов

Орал қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан ірі өртке байланысты жергілікті деңгейде төтенше жағдай режимі жарияланды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында өрт 27 шілде күні сағат 14:30 шамасында басталған. Аптап ыстық пен қатты желдің салдарынан өрттің аумағы ұлғайған.

Оның айтуынша, 28 шілдеде Орал қаласы әкімдігінің шешімімен жергілікті деңгейде төтенше жағдай режимі жарияланған.

"Бұл шешім арнайы техниканы жанармаймен қамтамасыз ету және өрт сөндірушілердің жұмысын жедел ұйымдастыру үшін қабылданды. Төтенше жағдай режимі полигондағы өрт толық оқшауланғанға дейін сақталады. Қазір өртті сөндіруге 40-50 техника жұмылдырылған. Полигонның жалпы аумағы – 35 гектар. Соның 13 гектары өртенді. Бүгінге дейін 3 гектардағы өрт толық сөндірілді, ал қалған шамамен 10 гектарда ашық жалын жоқ, бірақ әлі де бықсып жатыр", – деді Жандос Дүйсенғалиев.

Әкім орынбасарының сөзінше, бұл полигон 1975 жылы пайдалануға берілген және 50 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді.

"Соңғы жылдары полигонды рекультивациялап, жабу жұмысын қолға алуға тырысып келеміз. Себебі оның пайдалану мерзімі әлдеқашан аяқталған. Мамандардың пікірінше, полигонда жер асты газы көп жиналған. Ауа райының әсерінен қазіргі жағдайдағыдай өрт қайта тұтануы мүмкін. Қазір карьерден топырақ тасып, бықсып жатқан жерлерді көміп жатырмыз", – деді ол.

Оның айтуынша, полигонды рекультивациялау жобасы 2024 жылы әзірленген. Қазір оны жүзеге асыру үшін қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Сондай-ақ қала әкімдігі жаңа қоқыс өңдеу жобасына инвесторлар тартумен айналысып жатыр. Қазіргі таңда Корея, Қытай және Италия елдерінен келген әлеуетті инвесторлар бар.

"Қазір Экология министрлігімен бірлесіп, қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Үш инвестордың қайсысы құжаттарды бірінші болып рәсімдесе, сол компаниямен жұмыс істейміз. Қала әкімдігі оларға тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын жер телімін беруге дайын. Жоба аясында қоқысты өртеу арқылы электр энергиясы өндіріліп, оны сату арқылы табыс табуға мүмкіндік болады", – деді Жандос Дүйсенғалиев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0