$ 474.63  544.5  5.92

«Құлақ аспаған соң пышақтадым»: Шерхан Аймахан сотта жауап берді

Бұл сұраққа Шерхан Аймахан нақты жауап бере алмады.

Фото: Казинформ
Фото: Казинформ

Шымкентте Нұрай Серікбайды пышақтап өлтірді деп айыпталған Шерхан Аймаханның тергеу барысында берген жауабы сотта оқылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Істі қарап жатқан судья Саммидин Темірәлиев айыпталушының тергеудегі түсініктемесі мен соттағы жауабының бір-біріне қайшы келетінін атап өтті.

Тергеу материалдарына сәйкес, Шерхан Аймахан Нұрай Серікбаймен 2025 жылдың тамызында Алматыға оқуға кеткеннен кейін де қарым-қатынастарын жалғастырғанын айтқан. Оның сөзінше, олар ай сайын кездесіп тұруға келіскен, өзі Нұрайға студент ретінде қаржылай көмектесіп жүрген. Сондай-ақ, оған үйленуге ұсыныс жасап, болашақта отбасын құруды жоспарлағандарын жеткізген. Айыпталушы Нұрайдың анасы мен ағалары олардың қарым-қатынасынан хабардар болғанын, ал 2025 жылы Алматыдан Шымкентке бірге қайтып келе жатқанда қызды үйіне алып бара жатқанын туыстарына айтқанын мәлімдеген.

Алайда судья бұл жауаптың соттағы мәлімдемемен сәйкес келмейтінін айтты.

Кеше сотта үйіңізге барған кезде жақындарыңыз дайын болмағандықтан, Нұрайды туысыңыздың үйіне апарып күткеніңізді айттыңыз. Екі жауаптың қайсысы дұрыс? – деп сұрады судья.

Бұл сұраққа Шерхан Аймахан нақты жауап бере алмады.

Сот барысында судья 2026 жылдың 11 қаңтарында болған қылмысқа қатысты тергеу кезінде берілген жауапты да оқыды.

Айыпталушының тергеудегі түсініктемесіне сәйкес, ол сол күні Нұраймен кешкі сағат 18:00-де кездесуге келіскен. Қыздың үйіне келген кезде көлікте жатқан қара түсті пышақты белгісіз себеппен үстіндегі киімінің қалтасына салып алғанын айтқан. Кейін екеуі кездескенімен, Нұрай оның ұсынысына құлақ аспай, үйіне қарай бет алған. Осы сәтте айыпталушы қалтасындағы ұзындығы шамамен 25 сантиметр болатын пышақты шығарып, қызға бірнеше рет соққы жасағанын мойындаған.

Оқиғадан кейін ол көлігімен Түркістан облысы Сайрам ауданына қарай кеткенін, Қасымбек Датқа ауылындағы мешіт маңында қолының жараланғанын байқағанын айтқан. Сондай-ақ, өзіне қол жұмсамақ болғанымен, батылы жетпегенін, кейін қылмыс құралы мен көліктегі екінші пышақты сайға лақтырып, сол жерде бір күн болғанын жеткізген. Оның сөзінше, 12 қаңтар күні полиция қызметкерлері ұстап әкеткен.

Еске салайық, бұған дейін Шерхан Аймахан сотта Нұрай Серікбайды пышақтаған сәт есінде жоқ екенін мәлімдеген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0