$ 473.59  544.68  5.94

100 бас жылқы ұрлады: 33 жыл бойы жылқы бағып, сотталған ақтөбелік рақымшылыққа ілікті

Сотталушы 1993 жылдан бастап жылқышы болып жұмыс істеген.

Фото: видео скриншот
Фото: видео скриншот

Мұғалжар аудандық соты сотталушы Рахат Сәрсеновті 7 жылға бас бостандығынан айырды. Апелляциялық сатыда іс қайта сараланып, жылқышы рақымшылыққа ілікті, сот залынан босап шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мұғалжар аудандық соты биыл мамыр айында Рахат Сәрсеновті Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабымен 7 жылға бас бостандығынан айырды. Тіпті жәбірленушінің азаматтық талап арызын қанағаттандырып, 30 млн теңге өндірді. Алайда сотталушы тарап үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Ақтөбе облыстық сотында істі қарау кезінде айыптау актісі өзгерді, іс қайта сараланды. Сот үкімімен сотталушы Рахат Сәрсеновтің тек бір ғана жылқы шығын келтіргені белгілі болды.

- Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы сотының 15 мамырдағы үкімі өзгертілсін. Рахат Сәрсеновтің іс әрекеті Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағынан Қылмыстық кодекстің 189-бабы 1-бөлігіне қайта саралансын. Оған 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалсын. «Рақымшылық жасау туралы» Заңымен 6 ай бостандығынан шектеу жазасы 3 айға қысқартылсын. Күзетпен ұстау кезіндегі әр күні екі күн деп есетеліп, бас бостандығынан шектеу жазасы өтелген деп саналсын. Қамаудан дереу босатылсын,- деді Ақтөбе облыстық сотының сот алқысы. Сонымен бірге сот азаматтық талап арызды ішінара қанағаттандырып, материалдық шығынды 600 мың теңге деп есептеді.

Іс материалына сүйенсек, Рахат Сәрсенов 1993 жылдан бері Мұғалжар ауданында жергілікті шаруаның жылқысын баққан. Ұзақ жылдар бойы мал соңында жүріп, инсульт те алған.

- Сотталушы 1993 жылдан бастап жылқышы болып жұмыс істеген. Айыптау қорытындысы бойынша 100 бас жылқыны ұрланды деп берілген. Алайда қосымша дәлелдеме ұсынғаннан кейін тек 1 бас жылқы жоғалғаны анықталып, босап шықты,- деді қорғаушы М. Ибатов.

Сот үкіміне сотталушылардың бала-шағасы, туыстары жиналды. Сот залынан босап шыққан жылқышы сол сәтте жылап, үнсіз отырды.

- Күйеуім 32 жыл 6 ай жұмыс істеді. Жылқы бақтық. Жұмыстан инсульт алды. Бір аяғы, бір қолы істемей қалды. 1-қарашада түнде жедел жәрдеммен Қандыағашқа апарды. Дұрыс емін де ала алмады, сот басталды. Жылқым жоқ деп жала жауып тұр. Оның зейнетақысына дұрыс ақша түспеді, өмір бойы еңбек демалысын алмады, еңбек өтілі мүлде жүрмеді,- деді Райхан Сәрсенова.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0