Urumqi Airlines – 2014 жылы құрылған Қытайдың әуе компаниясы.
Қазақстан мен Қытай өңірлік әуе тасымалын дамыту бағытындағы ынтымақтастықты күшейтпек, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл мәселе Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Urumqi Airlines әуе компаниясының вице-президенті Чжан Лянның кездесуінде қаралды.
Кездесу барысында қытайлық тарап Үрімші – Қарағанды, Құлжа (Инин) – Астана және Құлжа (Инин) – Алматы бағыттары бойынша тұрақты рейстерді іске қосу жоспарын таныстырды.
Өз кезегінде қазақстандық тарап Өскемен мен Семейге, сондай-ақ болашақта Зайсан және Катонқарағайдағы жаңа өңірлік әуежайларға рейстер ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа бағыттар туризмді дамытуға, өңірлердің көлік қолжетімділігін жақсартуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстанда Қытайда шығарылған COMAC әуе кемелерін пайдаланып, өңірлік жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын бірлескен әуе компаниясын құру мүмкіндігін де талқылады.
Министрліктің хабарлауынша, мұндай жоба жүзеге асса, Зайсан, Катонқарағай және туристік әлеуеті жоғары өзге де өңірлерге тұрақты рейстер ашуға жол ашылады.
Кездесу соңында екі тарап азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, бірлескен жобаларды іске асыруға өзара қызығушылық танытатынын жеткізді.
Urumqi Airlines – 2014 жылы құрылған Қытайдың әуе компаниясы. Оның бас кеңсесі Үрімші қаласында орналасқан және компания HNA Aviation тобының құрамына кіреді.
Қазіргі уақытта әуе компаниясының паркі 20 ұшақтан тұрады. Оның құрамында Boeing 737-800 және Қытайда шығарылған COMAC C909 ұшақтары бар. Сонымен қатар компания тағы 40 COMAC C909 ұшағын сатып алуға тапсырыс берген.
Бүгінде Urumqi Airlines Қытайдың батыс және орталық өңірлеріне 46 ішкі бағыт бойынша тұрақты рейстер орындайды.