03.08.2026, 14:15

«Негізгі мәселе – тәуелсіз сот»: сарапшы «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы туралы пікір білдірді

Фото: Әділет партиясы

Биыл 1 шілде күні Қазақстан Республикасының Жаңа конституциясы күшіне енген болатын.

Тәуелсіз әрі әділ сот жүйесі «Заң мен Тәртіп» конституциялық принципін іс жүзінде жүзеге асырудың басты тетігінің біріне айналуы тиіс. «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының ережелерін талдаған сарапшы Дидар Болатов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сарапшы еске салып өткендей, биыл 1 шілде күні Қазақстан Республикасының Жаңа конституциясы күшіне енген болатын. 2026 жылдың 15 наурызында республикалық референдум кезінде халық сол Конституцияның қабылдануын қолдап, дауыс берген еді. «Заң мен тәртіп» қағидаты осы жаңа Ата заңның преамбуласында көрініс тапқан.

Дидар Болатовтың айтуынша, заңдылық пен құқықтық тәртіпті құқық үстемдігі призмасы арқылы қарастыру қажет. Сот төрелігіне қатысты пікір білдіру үшін Дидар Болатов Қазақстандағы танымал құқықтанушы Нағашыбай Шайкеновтің еңбектеріне сүйенген.

«Заңның өзі негізінен үнсіз әрекет ететін дүние. Ал, оның тілі – судья», - деді ол Шайкеновтің сөзін еске ала отырып.

Дидар Болатов сонымен қатар Венеция комиссиясының құқық үстемдігі туралы баяндамасына сілтеме жасады. Құжатта тәуелсіз әрі әділ сот жүйесі құқықтық мемлекеттің негізгі элементтерінің бірі ретінде қарастырылады.

Осы орайда сарапшы «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының ережелерін талдай отырып, құжатта «Заң мен Тәртіп» бағыты «Әділ және қолжетімді сот төрелігі» бөлімін қамтитын дербес басымдық ретінде бөліп жазылғанын ерекше атап өтті.

Болатовтың пікірінше, бағдарламадағы тәуелсіз әрі тиімді сот жүйесі құқықтық мемлекеттің негізгі элементі, сондықтан, ереже конституциялық нормаларға және құқық үстемдігінің жалпыға бірдей танылған критерийлеріне сәйкес келеді.

«Заң мен Тәртіп» конституциялық принципін іс жүзінде жүзеге асырудың негізгі мәселелерінің бірі дәл осында жатыр», - деп атап өтті сарапшы.

Сарапшы бұл принциптің мазмұны тек тыйымдар мен мемлекет белгілеген талаптарды сақтаумен ғана шектелмеуі тиіс екенін баса айтты.

«Құқықтық мемлекетте «Заң мен Тәртіп» жария биліктің заңдылығын, құқықтық белгілілікті, «өзім білемге» жол бермей, адам құқықтарын қорғауды және, ең бастысы, оларды тәуелсіз әрі әділ сот арқылы қорғаудың шынайы мүмкіндігін көздейді», – деді Дидар Болатов.

Сөзін қорытындылай келе сарапшы «Заң мен Тәртіп» принципінің тек заңнамада ғана емес, құқық қолдану практикасында да қаншалықты шынайы көрініс табатынын дәл осы критерийлер бойынша бағалау қажет екенін атап өтті.