03.08.2026, 23:30

«19 жастағы хоккейші өлімі»: Сот атышулы іс бойынша соңғы шешім шығарды

Фото: Informburo.kz

Бұл шешіммен екі тарап та келіспей, кассациялық шағым түсірген.

Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот Өскеменнің «Торпедо» клубының 19 жастағы қақпашысы Иван Пыленоктың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім қабылдады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұған дейін апелляциялық сот хоккейшінің бұрынғы командаласы Андрей Лагуновты Қылмыстық кодекстің 104-бабы 1-бөлігі («Абайсызда өлімге әкеп соғу») бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырған болатын. Сондай-ақ ол марқұмның ата-анасына 20 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

Бұл шешіммен екі тарап та келіспей, кассациялық шағым түсірген. Марқұмның ата-анасы жазаны 7 жылға дейін қатаңдатуды талап етсе, сотталушының қорғаушылары жаза мерзімін қысқартуды сұраған.

Алайда кассациялық сот апелляциялық үкімді өзгеріссіз қалдырып, қорғаушылардың шағымдарын қанағаттандырмады.

"Кассациялық сатыдағы сот Лагуновтың кінәсіз екенін және "Торпедо" ХК спортшысы Иван Пыленоктың өліміне қатысы жоқ деп санаған қорғаушылардың уәждерін, сондай-ақ жәбірленуші тарап пен олардың өкілдерінің уәждерін тыңдап, апелляциялық үкімді өзгеріссіз, ал қорғаушылардың кассациялық шағымдарын қанағаттандырусыз қалдырды.

Яғни, Лагунов кінәлі деп танылып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтей береді және Иванның ата-анасына 20 миллион теңге моральдық зиян төлеуі тиіс.

Естеріңізге сала кетейін, судья Е. С. Белавинаның төрағалығымен бірінші сатыдағы сот оның іс-әрекетін онша ауыр емес қылмысқа қайта саралап, амнистияны қолдану арқылы жазадан мүлдем босатып жіберген болатын. Бұл үкімнің күшін апелляциялық саты жойып, Лагунов қамауға алынды", – деді Tengri Sport-қа марқұмның ата-анасының адвокаты.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2024 жылдың 2 тамызында Өскемендегі Борис Александров атындағы спорт сарайында болған. «Торпедо» жастар командасының қақпашысы Иван Пыленок кенеттен өзін жайсыз сезініп, кейін ауруханада көз жұмған.

Кейін әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбадан оның оқиға алдында командаласы Андрей Лагуновпен жанжалдасқаны белгілі болды. Осыдан кейін марқұмның ата-анасы ойыншыны ұлдарының өліміне кінәлаған.

Тергеу барысында сот Пыленоктың өліміне Лагуновтың абайсыз әрекеті себеп болды деген қорытындыға келді. Сот материалдарына сәйкес, сотталушының жәбірленушіні қасақана өлтіру ниеті болмаған. Алайда ол мойын тұсына қолмен соққы жасаған кезде оның салдарын алдын ала болжауға тиіс болғанымен, мұны ескермеген.

Сот анықтауынша, жанжалға Лагуновтың өзіне тиесілі желдеткішті қайтарып алу талабы себеп болған. Тергеу нұсқасы бойынша, хоккей жабдығы басқа ойыншылар арқылы Иван Пыленокқа өтіп кеткен. Лагунов оны немесе оның ақшасын қайтаруды талап етіп, соның соңы қайғылы оқиғамен аяқталған.

Сот барысында Лагуновтың өзін балағаттады деген уәжі де тексеріліп, куәгерлердің айғақтары арқылы расталмаған.