ҰҚК аталған ақпаратқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.
Астана қаласы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлия Мақаева қылмыстық іс аясында ұсталды,
Бұған дейін әлеуметтік желілерде полиция қызметкерінің заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тараған болатын. Сондай-ақ тергеу шетел азаматтарына Қазақстанда тұруға ықтиярхаттарды заңсыз рәсімдеу деректеріне қатысты жүргізіліп жатқаны айтылды.
Бейресми мәліметтерге сәйкес, іске бірнеше мемлекеттік органның өкілдері де қатысы болуы мүмкін. Тергеуді Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік бөлімшелері Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жүргізіп жатыр.
ҰҚК аталған ақпаратқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.
"Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – делінген ҰҚК баспасөз қызметінің ресми жауабында.
Еңбек жолын Астана қаласы Алматы аудандық ішкі істер басқармасының тәрбие және кадр жұмысы бөлімшесінде инспектор ретінде бастаған.
2004–2018 жылдары Есіл аудандық ішкі істер басқармасының көші-қон полициясы бөлімінде аға инспектор, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, сондай-ақ елордалық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасындағы азаматтық және иммиграция бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы қызметтерін атқарған.
2022 жылдың наурыз айында азаматтық және иммиграция бөлімінің басшысы болып тағайындалса, кейін Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары қызметіне көтерілді.
Айта кетейік, ІІМ-нің 2022 жылғы ресми жарияланымында Әлия Мақаева полиция қызметкері үшін ең маңызды қасиеттер ретінде «адалдық, ұстамдылық пен төзімділікті» атаған болатын.
Ашық дереккөздердегі соңғы мәліметке сәйкес, 2024 жылдың қаңтарында ол полиция подполковнигі шенінде болған. Ұсталған кездегі арнайы шені ресми түрде нақтыланбады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабына сәйкес, соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін кез келген адам кінәсіз деп есептеледі.