Оқиға 3 тамыз күні болған.
Қонаев гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметкер төртінші қабаттың терезесінен құлап, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға 3 тамыз күні болған.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің мәліметінше, сарбаз дереу ауруханаға жеткізіліп, оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі таңда дәрігерлер оның жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Ведомствоның хабарлауынша, әскери қызметкер қызмет өткеру жағдайына қатысты ешқандай шағым айтпаған. Сондай-ақ оқиғаға дейін бір күн бұрын ол ата-анасымен кездескен, олар тарапынан да ешқандай арыз-шағым болмаған.
Аталған дерек бойынша Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі қызметтік тексеріс бастап, арнайы комиссия құрған. Ведомство бұл істі ерекше бақылауға алғанын мәлімдеді.
Оқиғаға қатысты «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитеті де пікір білдірді. Ұйымның мәліметінше, төтенше жағдай Қонаевтағы №32363 әскери бөлімінде болған.
Комитет өкілдері оқиға туралы хабар алғаннан кейін әскери бөлімге барып, кейін ауруханадағы сарбаздың жағдайымен танысқан. Сондай-ақ олар әскери қызметкердің әкесі және әжесімен, әскери бөлім басшылығымен әрі сол күні кезекшілікте болған сарбаздармен сөйлескен.
«Қазір ең бастысы – сарбаздың өмірі мен денсаулығы. Оның тезірек сауығып кетуін тілейміз. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр деп сенеміз», – деп мәлімдеді комитет.
Ұйым тергеу аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасауға ерте екенін айтып, тұрғындарды расталмаған ақпарат таратпауға шақырды. Комитет бұл істің тергелу барысын бақылауда ұстайтынын жеткізді.