$ 475.38  547.73  5.93

«Төрт оқ атылды»: Жамбылда қаза тапқан жігіттің ағасы мәлімдеме жасады

"Өз ажалынан емес, қанды қол қанішерлердің қолынан".

Фото: Threads ayaulymrff
Фото: Threads ayaulymrff

Жамбыл облысында 25 жастағы тұрғынның оққа ұшып қаза табуына қатысты марқұмның ағасы әлеуметтік желіде жанайқайын жариялап, оқиғаның өз нұсқасын баяндады. Оның айтуынша, інісі алдын ала жоспарланған шабуылдың құрбаны болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Нұрболат Теміровтің сөзінше, қайғылы оқиға Луговой станциясында болған. Ол белгісіз адамдардың екі көлікпен келіп, інісін сыртқа шақырып, төрт рет оқ атып өлтіргенін мәлімдеді.

«Қапыда ай мен күннің аманында бір түйір бауырым Ахметімнен айырылдым. Өз ажалынан емес, қанды қол қанішерлердің қолынан. Екі көлікпен келіп, төрт оқпен аяусыз атып кетті», – деп жазды ол.

Марқұмның артында жұбайы мен екі кішкентай баласы қалған. Ағасының айтуынша, бес жасар ұлы әкесінің қайтыс болғанын әлі түсінбесе, үш жасар қызы да әкесіз қалған. Сонымен қатар, ата-анасының да қайғыдан қан жұтып отырғанын жеткізді.

Нұрболат Теміровтің айтуынша, бұл оқиғаға дейін де інісі бірнеше рет қорқытуға ұшыраған. Оның сөзінше, осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл тұрғынынан көлік сатып алу үшін ақша бергенімен, көлік басқа адамның атына рәсімделгені анықталған. Кейін қаржысын қайтара алмаған.

«Ата-анамыз ақшасын сұрауға барған кезде олардың рэкет екенін біліп, жалғыз ұлымызға зияны тие ме деп қорқып, бұл істі тоқтатқан болатынбыз. Ал кеше үйге келіп, "далаға шық" деп шақырған сол адамның кіші ұлы. Бұған дейін де Ахметті және оның отбасын қорқытып жүрген», – деді ол.

Марқұмның ағасы құқық қорғау органдарынан істі жан-жақты тергеп, оқиғаға қатысы бар барлық күдіктілерді жауапқа тартуды сұрады. Сондай-ақ Жамбыл облысында әрекет етеді деген қылмыстық топтарға қатысты тиісті шара қабылдауды талап етті.

Осыған байланысты Жамбыл облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Кісі өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0