$ 475.38  547.73  5.93

Даулы видеодан кейін ҚМДБ музыка мен әнге қатысты ұстанымын түсіндірді

Муфтият Ислам дінінің негізгі қағидаларын еске салып, маңызды мәлімдеме жасады.

Коллаж: Sn.kz
Коллаж: Sn.kz

Әлеуметтік желіде «Музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы» деген мазмұнда тойда айтылған ер адамның пікірі түсірілген видео кең тарап, қоғамда қызу талқыланды. Осы жағдайға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) арнайы мәлімдеме жасап, діни мәселелерге қатысты пікір білдіру үлкен жауапкершілікті талап ететінін еске салды.

Муфтият Ислам дінінің негізгі қағидаларын еске салып, былай деп мәлімдеді:

«Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да бір діни мәселеге байланысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттамалар беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөздермен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз», – делінген ҚМДБ хабарламасында.

Діни басқарманың түсіндіруінше, Ислам діні адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған әрекеттерге үндейтін әндерді құптамайды.

Ал Отанды қорғауға, ата-ананы құрметтеуге, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат берілетіні жөнінде Ислам ғалымдарының ортақ ұстанымы бар.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман қауымын және барша ел тұрғындарын өзара сыйластыққа, парасаттылыққа, көркем мінезге әрі бірлікке шақырды.

Сондай-ақ Муфтият азаматтарды сөз жауапкершілігін ұмытпауға, діни мәселелерде тек ресми діни қызмет атқаратын білікті ғалымдардың түсіндірмесіне сүйенуге және қоғамдағы ауызбіршілікті сақтауға үндеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0