05.08.2026, 10:20

Сабыржан асаба 33 жыл мал баққа қарияға 10 жылқы сыйлап, елден кешірім сұрады (ВИДЕО)

Коллаж: Sn.kz

"Аз да болса көптей көріңіз, ата". 

Өзін «халал асаба» ретінде таныстыратын Сабыржан Түзелбаев 33 жыл бойы мал баққан қарияға жылқы сыйлайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желідегі парақшасында ол қарияға арнаған жазбасын жариялап, сыйлықты жуық арада табыстайтынын жеткізді.

«Аз да болса көптей көріңіз, ата. Алла қаласа, жақын күндері жеткізіп беремін. Бәріміз пендеміз, періште тек көкте. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қазақ елі! Қателігім болса, кешірім сұраймын», – деп жазды ол.

Айта кетейік, соңғы күндері Сабыржан Түзелбаевтың есімі әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр. Бұған оның тойда айтқан әзілдері мен қонақтарға қарата сөйлеген сөздері себеп болды.

Желіде тараған видеоларда асабаның түрлі мамандық иелеріне қатысты қалжыңдары көрсетілген. Атап айтқанда, өрт сөндірушіге «Өрттің көп болсын» деп тілегені, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі туралы айтқан мысқылы және базарда қауын-қарбыз сататын азаматқа қарата әзілдеген сөзі қоғамның сынына ұшырады.

Көптеген желі қолданушысы мұндай қалжыңдарды еңбек адамын келемеждеуге теңеп, асабаның әрекетін орынсыз деп бағалады.