Қарағандының 16-шағын ауданындағы №10/2 үйдің ауласында қурап тұрған шірік ағаш тосыннан соққан желден «Hyundai Solaris» көлігінің үстіне құлап, апатты жағдай орын алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Зақымданған автокөлік иесі шығынды КСК-дан талап етпек болғанымен, бұл жағдай аула тұрғындарының үлкен наразылығын тудырды. Себебі пәтер иелерінің айтуынша, апатты ағаштарды кесу туралы бұған дейін аудан әкімдігіне бірнеше рет өтініш түскенімен, шенеуніктер бұл қызметке тым жоғары баға сұрап, мәселені созбалақтатып келген. Ал енді ПИК зақымданған көлікті жөндеу үшін арнайы бағытталған алым жинап, шығынды барлық тұрғындарға бөлмекші. Заңгерлер мұндай апатты ағаштар уақытында кесілмесе, келтірілген зиян үшін жауапкершілік аумақты бақылауда ұстамаған ПИК-ке немесе жергілікті билікке жүктелетінін айтады. Нәтижесінде жауапты органдардың уақытылы шара қолданбаған салғырттығы үшін қарапайым халық өз қалтасынан өтемақы төлеуге мәжбүр болайын деп тұр.