Оның ішімдікке әуестігіне және бұған дейін бірнеше жылқының жоғалуына қатысты жағдайларға түсіністікпен қарағанын жеткізді.
Ақтөбе облысында қоғам назарын аударған жылқышы Рахат Сәрсеновтің ісіне байланысты шаруа қожалығының иесі Тәжіғали Елеуов алғаш рет көпшілік алдында пікір білдірді. Ол әлеуметтік желілерде тараған ақпараттарға жауап беріп, оқиғаның өз нұсқасын жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Тәжіғали Елеуовтің айтуынша, Рахат Сәрсенов шаруашылықта ұзақ жыл еңбек еткен. Соған қарамастан, оның ішімдікке әуестігіне және бұған дейін бірнеше жылқының жоғалуына қатысты жағдайларға түсіністікпен қарағанын жеткізді. Алайда соңғы оқиғадан кейін құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болғанын айтты.
Шаруа қожалығы иесінің сөзінше, бұл іске бір ғана адам емес, бірнеше адамнан құралған қылмыстық топтың қатысы бар. Оның айтуынша, аталған топ мүшелерінің бірі сот үкімімен қазір жазасын өтеп жатыр. Сонымен қатар ол әлеуметтік желілерде тараған «Рахат Сәрсенов толық ақталды» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Кейбіреулер оны әлеуметтік желіде қаралым жинау үшін “байдың қысымына ұшыраған қаһарман” ретінде көрсетіп жүр», – деді Тәжіғали Елеуов.
Ал оның қызы Аяулым Тәжіғалиева соңғы уақытта отбасының үлкен психологиялық қысымға тап болғанын айтты. Оның сөзінше, әкесіне, жақындарына және отбасы мүшелеріне бағытталған қорлау мен қарғысқа толы пікірлерді қабылдау оңай болмай отыр.
«Біз қазір өте ауыр кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Әкеме, отбасымызға, бауырларыма және балаларыма айтылып жатқан ауыр сөздерді оқу бізге оңай емес. Мен үшін әкем – ардақты әке, аяулы ата және абыройлы азамат. Оны отбасы ғана емес, достары, әріптестері мен жақсы танитын жандар да дәл осылай біледі. Енді оның да өз ұстанымын білдіріп, болған жағдайға қатысты ойын айтуға мүмкіндігі бар. Ал қорытындыны әркім өзі шығарады. Ақиқатын бір Алла ғана біледі», – деп жазды ол.