05.08.2026, 14:30

Ақжарда 36 шақырым жолға асфальт төселді

Фото: дереккөз

Ұзындығы 45 шақырымнан асатын 89 көшеде заманға сай көлік жолы салынып жатыр.

Ақжар ауданында жол құрылысына байланысты ең үлкен жоба іске асып жатыр. Наурызбай ауданының әкімдігі мен Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында журналистер осы  жұмыстың аяқ алысымен танысып, жылдам дамып келе жатқан ауданда көлік инфрақұрылымының қалай жаңарып жатқанына куә болып қайтты.

Ұзындығы 45 шақырымнан асатын 89 көшеде заманға сай көлік жолы салынып жатыр. Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының тапсырысымен жұмысты «BCS Construction» ЖШС мердігер ұйымы қолға алыпты.

Құрылысты кезең-кезеңімен жүргізіп, су құбыры мен кәріз желісін тарту жұмысымен үйлестірген екен. Мұндай тәсіл абаттандыру аяқталғаннан кейін жол жамылғысын қайта қазып әурелемей, жобаны тиімді етуге сеп болмақ.   

Баспасөз туры барысында журналистер атқарылған жұмыспен танысты. Қазіргі таңда шағын ауданда шамамен 36 шақырым жолға асфальт төселіпті, бұл жалпы жоба көлемінің 80 пайызы деген сөз.

Аудан әкімі мұның бәрі шағын ауданның инженерлік инфрақұрылымын дамытуды көздейтін ауқымды жұмыстың жалғасы екенін айтады.

«Мұнда екі жыл бойы су құбыры мен кәріз жүйесінің құрылысы жүрді. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін жол салуға кірістік. Жаңа жолың жалпы ұзындығы 45,3 шақырым болады, 89 көшені қамтиды. Бұл – ауданымыздағы ең ірі инфрақұрылымдық жобаның бірі болды», – дейді Нәзира Тоғызбаева.

Оның айтуынша, жұмыстың басым бөлігі бүгінде аяқталған.

«Қазір 36 шақырым жол салынып бітті. Бұрын-соңды асфальт төселмеген 74 көшеде жұмыс толық аяқталды.  2026 жылдың қазан айына дейін қалған 10,3 шақырым жолды аяқтап, шағын аудан тұрғындарын толыққанды осы заманғы жол желісімен қамтамасыз етеміз», – деп атап өтті аудан әкімі.

Жаңа жолдың құрылысымен қатар, аудандағы көше-жол желісіне де орташа жөндеу жүргізіп жатыр.

«Орташа жөндеу аясында жалпы ұзындығы 10,4 шақырымды құрайтын 11 көшеде осындай жұмыс істеліп жатыр. Қазір Жандосов көшесінің Медеубеков көшесінен Дәулеткерей көшесіне дейінгі бөлігінде жолды кеңейтіп жатыр. Сонымен қатар ағымдағы жөндеу шеңберінде екі көше жөнделіп, бақылау мен жаңбыр суын қабылдау құдығының қақпағы ауыстырылды, нөсер кәрізі жүйесінің элементтері жөнделіп, өздігінен теңестірілетін люктер орнатылды», – деді Нәзира Тоғызбаева.

Инженерлік коммуникациялар толық аяқталған учаскеде жолдың негізін дайындап, асфальтбетон жамылғысын төсеп жатыр.

2026 жылдың қазан айында Ақжар шағын ауданындағы барлық көшеде асфальтбетонның жоғарғы қабатын төсеу бітпек ойда. Жоба іске асқаннан кейін шағынауданның көлік қолжетімділігі артып, қалалық ортадағы жайлылық деңгейі едәуір жақсарады.