$ 471.98  543.39  5.82

Қазақстандағы діни ағымдар: Алматыда дәстүрлі исламды дәріптеу мен деструктивті идеологияның алдын алу қалай жүргізіліп жатыр?

Наиб имамның сөзінше, ҚМДБ алдын алу шараларына басымдық береді.

Фото: ЖИ
Фото: ЖИ

Қазақстан – көпұлтты әрі көпконфессиялы мемлекет. Конституцияға сәйкес әр азаматтың ар-ождан және діни сенім бостандығына құқығы бар. Алайда соңғы жылдары қоғамда дәстүрлі діни құндылықтарды бұрмалап, адамдарды өз ықпалына тартуға тырысатын деструктивті діни ағымдардың қаупі жиі талқыланып келеді, деп жазады  Sn.kz ақпарат порталы.

Әсіресе ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы мен әлеуметтік желілердің кең таралуы жастардың түрлі идеологиялардың ықпалына түсу қаупін күшейтті. Осыған байланысты Алматы қаласында халықтың діни сауатын арттыруға бағытталған түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполис әрі жастар көп шоғырланған қала. Сондықтан мұнда діни қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Қалада мемлекеттік мекемелер, дінтанушылар, теологтар, психологтар және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері бірлесіп, тұрғындарға дәстүрлі дін мен деструктивті ұйымдардың айырмашылығын түсіндіруге бағытталған кездесулер, семинарлар мен ашық пікірталастар ұйымдастырады.

Алматы орталық мешітінің наиб имамы Руслан Болатұлының айтуынша, Қазақстан аумағында түрлі діни ағымдар кездеседі. Олардың кейбіріне заңмен тыйым салынған болса, кейбірі заң аясында қызмет етеді. Сондықтан азаматтардың діни сауатты болуы маңызды.

«Дәстүрлі ислам» дегеніміз – ата-бабаларымыз қабылдап, ғасырлар бойы ұстанып келген ислам. Қазақ халқы исламды қабылдаған кезде өзінің ұлттық дәстүрін, тілін, мәдениетін сақтап қалды. Біздің еліміздегі дәстүрлі ислам – Матуриди сенім мектебі мен Ханафи мәзһабына негізделген, ұлттық құндылықтармен сабақтасқан ислам. Бұл – бабаларымыздан мирас болып қалған рухани жол», – дейді наиб имам.

Оның сөзінше, деструктивті діни ұйымдардың басты ерекшелігі – тарихи қалыптасқан діни мұраны жоққа шығаруы.

 «Мұндай ағым өкілдері ата-бабаларымыз ұстанған ислам жолын мойындамайды. Абай мен Шәкәрім еңбектерінде көрініс тапқан Матуриди сенім мектебін, халқымыз ғасырлар бойы ұстанған Ханафи мәзһабын терістеуге тырысады. Сырт көзге өздерін заңға бағынатын, отансүйгіш азамат ретінде көрсеткенімен, олардың идеологиялық ұстанымдары дәстүрлі діни құндылықтарға қайшы келеді», – дейді Руслан Болатұлы.

Мамандардың айтуынша, бүгінде радикалды идеялар көбіне әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралады. Діни білімі жоқ азаматтарға қысқа бейнероликтер, аудиожазбалар немесе жеке хат алмасу арқылы ықпал ету әрекеттері жиі кездеседі. Сондықтан теологтар интернеттегі кез келген діни ақпаратқа сын көзбен қарап, тек ресми дереккөздер мен білікті мамандардың пікіріне сүйенуге шақырады.

Алматы қаласында профилактикалық жұмыстар бірнеше бағытта жүзеге асырылады. Жоғары оқу орындарында, колледждерде, мектептерде, мемлекеттік мекемелерде және еңбек ұжымдарында ақпараттық кездесулер өткізіліп, тұрғындарға деструктивті діни ағымдардың белгілері мен олардың қоғамға тигізетін зияны түсіндіріледі. Сонымен қатар азаматтарға теологиялық, психологиялық және құқықтық кеңестер беріледі.

Руслан Болатұлының айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дәстүрлі ислам құндылықтарын жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп келеді. Әр жұмадағы уағыздарда қасиетті Құран мен хадистермен қатар қазақтың ақын-жырауларының мұрасы, мақал-мәтелдері мен ұлттық тәрбиелік құндылықтары кеңінен насихатталады. Сондай-ақ «Абай даналығындағы ислам», «Шәкәрімнің "Үш анық" еңбегіндегі рухани құндылықтар» сияқты арнайы тақырыптарға арналған уағыздар ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, ҚМДБ қызметінің негізгі бағыттарының бірі – «Дәстүр және отбасы» жобасы. Оның аясында ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, отбасы институтын нығайту және жастар тәрбиесіне қатысты түрлі іс-шаралар өткізіледі. Ал Ислам ғылыми-зерттеу институтының мамандары архивтердегі қолжазбаларды зерттеп, қазақтың діни ойшылдары мен Алаш қайраткерлерінің исламға қатысты еңбектерін ғылыми айналымға енгізу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Наиб имамның сөзінше, ҚМДБ алдын алу шараларына басымдық береді. Бұл бағытта халықпен жеке және топтық кездесулер өткізіліп, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеушілермен, сондай-ақ «Жусан» гуманитарлық операциясы аясында елге оралған азаматтармен оңалту және бейімдеу жұмыстары жүргізіледі.

Сарапшылардың пікірінше, деструктивті идеологияның алдын алуда отбасының рөлі ерекше. Ата-аналар баласының ақпараттық кеңістіктегі белсенділігіне назар аударып, діни мәселелер бойынша сенімді мамандардың кеңесіне жүгінуге үйретуі қажет. Өйткені діни және құқықтық сауаттылық – күмәнді идеологияларға қарсы тұратын ең тиімді құрал.

Мамандардың ортақ пікірі бір: қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтаудың негізгі жолы – дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу, халықтың діни сауатын арттыру және жастарды жат ағымдардың ықпалынан қорғау. Сондықтан Алматыда бұл бағыттағы түсіндіру және алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0