Қызметкерлер оны судан алып шыққанымен, бассейнді уақытша жаппай, келушілерге суға түсе беруге рұқсат берген.
Алматыдағы «8 озер» демалыс аймағына қатысты әлеуметтік желіде тараған жазба жұрттың қызу талқысына түсті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Threads желісінде пікір қалдырған келушінің айтуынша, бассейнде адамның нәжісі қалқып жүрген. Оның сөзінше, қызметкерлер оны судан алып шыққанымен, бассейнді уақытша жаппай, келушілерге суға түсе беруге рұқсат берген.
«Бір түнге коттедж үшін 75 мың теңге, ал келесі күні екі адамға бассейнге кіру үшін 30 мың теңге төледік. Кейін бассейнде адамның үлкен дәреті қалқып жүргенін көрдік. Қызметкерлер оны жай ғана алып шықты да, ешқандай қосымша тазалау жұмыстарын жүргізбей, адамдарды шомылдыра берді. Жағымсыз иіс қатты сезілді. Сол суда өзімнің де шомылғанымды ойлап, жүрегім айнып кетті», – деп жазды ол.
Желі қолданушылары бұл жағдайға қатысты түрлі пікір білдірді. Кейбірі мұндай оқиғаға кішкентай балалар себеп болуы мүмкін екенін айтып, ата-аналардың жауапкершілігін сөз етті.
Жазба авторының пікірінше, мұндай жағдайда қызметкерлер бассейнді бірден жауып, санитарлық талаптарға сәйкес тазалау жұмыстарын жүргізуі тиіс болған.
Пікір қалдырғандардың бір бөлігі сәбилерге арналған арнайы су өткізбейтін жаялықтар мен жүзуге арналған киімдерді пайдаланудың маңызын еске салса, енді бірі шетелдік тәжірибені мысалға келтірді.
Олардың айтуынша, Түркиядағы бассейндердің бірінде осындай жағдай болған кезде нысан бір тәулікке жабылып, толық залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі мұндай жағдайда жауапкершілік тек келушілерге ғана емес, демалыс орны әкімшілігіне де жүктелуі керек деп есептейді. Олардың пікірінше, санитарлық талаптарға сәйкес бассейн уақытша жабылып, толықтай дезинфекциялануы қажет.
Қазіргі уақытта «8 озер» демалыс аймағының әкімшілігі аталған жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.