$ 469.85  542.16  5.78

«Дрон шабуылдары күшейді»: Қазақстан мұнайын тасымалдайтын танкерлерге қауіп артты

Сарапшылардың пікірінше, қалыптасқан ахуал Қазақстан үшін маңызды саналатын Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай экспортына әсер етуі мүмкін.

Фото: Aikyn.kz
Фото: Aikyn.kz

Қара теңіздегі дрон шабуылдарының жиілеуіне байланысты Қазақстан мұнайын тасымалдайтын танкерлерге қатысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына қатынайтын кемелерге қауіптің артуына байланысты кеме иелеріне қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау жөнінде ескерту жасалған.

Теңіз қауіпсіздігіне маманданған британдық Ambrey компаниясы Қара теңіз порттарына танкерлерді жібермес бұрын ықтимал қауіп-қатерді жан-жақты бағалауды ұсынды. Сонымен қатар экипаж мүшелеріне жаңа шабуыл болған жағдайда арнайы паналау орындарын пайдалануға кеңес берілді.

Сарапшылардың пікірінше, қалыптасқан ахуал Қазақстан үшін маңызды саналатын Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай экспортына әсер етуі мүмкін. BRS кеме брокерлік компаниясының бағалауынша, аталған терминалдағы ұзаққа созылған іркілістер өңірлік мұнай нарығына кері ықпал етеді.

Халықаралық көлік қызметкерлері федерациясының бас хатшысы Стивен Коттон азаматтық кемелерге жасалып жатқан шабуылдарды айыптады.

« Азаматтық теңізшілердің өміріне қауіп төндіру – еш ақтауға келмейтін әрекет. Олар әскери қақтығыстың құрбаны болмауы тиіс,» – деді ол.

Мамандардың айтуынша, Қара теңіздегі қауіпсіздік жағдайының күрделенуі мұнай тасымалымен қатар астық экспортына да әсер етіп отыр. Бұл өз кезегінде әлемдік азық-түлік нарығына қосымша қысым түсіруде.

Соңғы аптада КҚК теңіз терминалында мұнай тасымалдайтын танкерлерді жалға алу құны тәулігіне 200 мың доллардан 300 мың доллардан жоғары деңгейге дейін өскен. Сонымен бірге кемелерді сақтандыру бағасы да айтарлықтай қымбаттаған.

Сарапшылардың бағалауынша, тасымал шығындарының артуы мұнай жеткізу құнын өсіріп, әлемдік нарықтағы ұсыныстың шамамен 3 пайызға қысқаруына ықпал етуі мүмкін.

Бұдан бөлек, Каспий құбыр консорциумы терминалының жұмысындағы қиындықтар фосфат тыңайтқыштарын өндіруде пайдаланылатын күкірт бағасының қымбаттауына да әсер еткені айтылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0