Күдікті ұсталды.
Жамбыл облысында кісі қолынан қаза тапқан 25 жастағы Ахмет Дүкенбайдың жақындары өз өмірлеріне қауіп төніп тұрғанын айтып, мемлекеттен қарулы күзет беруді сұрап отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ақпарат HALYQSTAN Телеграм арнасында жарияланды. Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговая станциясында 25 жастағы спортшы Ахмет Дүкенбай өз үйінің маңында атып өлтірілген.
Марқұмның отбасы қылмыстың артында ұйымдасқан қылмыстық топ тұруы мүмкін екенін алға тартты. Сондай-ақ тергеу басқа да адамдардың қылмысқа қатысы бар-жоғын жан-жақты тексеруі керек деп отыр.
Марқұмның әпкесі Зарина Дүкенбаеваның сөзінше, қайғылы оқиға 1 тамызға қараған түні болған.
"Түнгі сағат екі жарым шамасында әкем намаз оқып отырған кезде бірнеше рет оқ атылды. Қатарынан төрт-бес рет оқ атылған. Шамамен бір сағаттан кейін үйге полиция қызметкерлері келіп, інімнің ауыр халде ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Бірақ ол көз жұмды", – деді ол.
Спортшының жақындары оның аса қатыгездікпен өлтірілгенін айтады. Марқұмның әпкесі қайғылы оқиғаны жергілікті қылмыстық топтың ықпалымен байланыстырып отыр.
Ахметтің жұбайы Алтынай Боранбайдың сөзінше, қайғылы оқиғаға дейін күйеуі оған бірнеше рет сақ болуды ескерткен.
"Ол бұл адамдармен жанжал бар екенін айтатын. Балаларға мұқият қарауды, абай болуды ескертті. Оның достары да осылай деп айтқан болатын", – деді ол.
Жалғыз ұлынан айырылған Серік Дүкенбайұлы бүкіл отбасының қауіпсіздігіне алаңдайтынын мәлімдеді. Ол қарулы күзет берілуін сұрап отыр.
Облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. Күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.