07.08.2026, 10:20

«Жоққа шығармаймын»: Ұлдананың күйеуі қауесеттерге жауап берді (ВИДЕО)

Фото: Азаттық рухы

Әділет Зейнелдің айтуынша, қазіргі жұбайымен биыл сәуір айында танысқан.

Өткен жылдың қарашасында елордада ғимарат қаптамасының құлауынан қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнел соңғы айларда болған оқиғалар туралы алғаш рет кең көлемде сұхбат берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әділет Зейнелдің айтуынша, қазіргі жұбайымен биыл сәуір айында танысқан. Сұхбат барысында ол әлеуметтік желіде тараған түрлі қауесеттерге де тоқталды.

Атап айтқанда, желіде жаңа қалыңдығының жүкті болуына байланысты Әділет Зейнел алғашқы жұбайы Ұлдананың қайтыс болғанына бір жыл толмай жатып үйлену тойын өткізген деген ақпарат тараған. Алайда ол бұл мәліметті нақты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.

«Барлығы – Алланың қалауымен», – деді ол.

Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясында фельдшер болып қызмет атқарған. 2025 жылғы 8 қарашада Тәуелсіздік даңғылы бойындағы тұрғын үй кешенінде болған қайғылы оқиға кезінде ол қызметтік міндетін атқарып жүріп ауыр жарақат алған.

Мәлімет бойынша, тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы құлағаннан кейін оқиға орнына келген медицина қызметкерлері зардап шеккендерге көмек көрсеткен. Сол сәтте ғимараттан кондиционердің сыртқы блогы құлап, Ұлдананың басына тиген.

Ауыр жарақат алған фельдшер шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін он күн бойы күрескенімен, 2025 жылғы 18 қарашада 23 жастағы Ұлдана Мырзуан қайтыс болды.

Әріптестері мен жақындары Ұлдананы өз ісіне адал, қиын сәтте өзгелерге көмектесуге дайын болған жанқияр маман ретінде еске алады. Оның кәсіби ерлігі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлдана Мырзуан қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Кейін Астанада марқұм фельдшердің есімін есте қалдыруға бағытталған бірқатар бастама қолға алынды. Жедел жәрдем станциясында Ұлдана Мырзуанға арналған мемориалдық тақта ашылды. Сонымен қатар өзі білім алған медициналық колледждегі аудиториялардың біріне оның есімі берілді.

Бұл бастамалар жас маманның кәсіби ерлігін ұлықтап, оның қызметке деген адалдығын кейінгі буынға үлгі ету мақсатында жүзеге асырылды.