Облыстық соттың мәліметінше, қайғылы оқиға 2026 жылғы 17 сәуірде болған.
Абай облысында бұрынғы әйелін ағаш таяқпен ұрып, өліміне себеп болған ер адам 12 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Облыстық соттың мәліметінше, қайғылы оқиға 2026 жылғы 17 сәуірде болған. Сотталушы мас күйінде үйдің ауласында бұрынғы әйеліне қызғаныш себепті ағаш таяқпен бірнеше рет соққы жасаған. Әйел алған ауыр жарақаттарының салдарынан оқиға орнында қайтыс болды.
Басты сот талқылауы кезінде ер адам өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне шын жүректен өкінген. Марқұмның ағасы соттан жаза тағайындау мәселесін өз қарауына қалдырған.
"Басты сот талқылауы барысында Б. өзіне тағылған айыпты толық мойындап, істеген ісіне шын жүректен өкінді. Жәбірленуші тарап – марқұмның ағасы жаза тағайындау мәселесін соттың қарауына қалдырды", – деп хабарлады сот.
Сот шешімімен ер адам кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді.
Сонымен қатар сотталушыдан жәбірленуші тараптың пайдасына 10 млн теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысы өндірілді.
Марқұмның артында кәмелет жасына толмаған екі баласы қалды. Осыған байланысты сот Семей қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органына балаларға әрі қарай ресми қамқоршы тағайындау мәселесін шешуді тапсырды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.